Қазақстанның үздік 10 оқырманына 10 млн теңгеден беріледі

343

​Қазақстанда кітап оқуды насихаттауға бағытталған "Жылдың 10 оқырманы" республикалық жобасы басталды. Жобаға қатысты брифинг Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.  

Қазақстанның үздік 10 оқырманына 10 млн теңгеден беріледі Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Жоба 1 қыркүйекте кітап оқу марафонымен басталған. Оның негізгі мақсаты – халықтың кітап оқуға қызығушылығын арттырып, белсенді оқырмандарды анықтау.

Өткен жылы марафон пилоттық режимде үш өңірде ұйымдастырылып, оған шамамен 190 мың адам қатысқан. Биыл жоба еліміздің барлық өңірін қамтып отыр.

Марафонға қатысушылар жеті санат бойынша бақ сынайды. Олардың қатарында мектеп оқушылары, колледж және жоғары оқу орындарының білім алушылары, педагогтер, мемлекеттік қызметшілер, сондай-ақ үш буын өкілдері бар отбасылар бар. Ал саясаткерлер мен зиялы қауым өкілдері үшін "Parasat" арнайы бағыты қарастырылған.

Қатысу тегін әрі ерікті. Ұйымдастырушылар отандық және әлем әдебиетінің 345 шығармасынан тұратын тізім әзірлеген. Әр қатысушы өз санаты бойынша 15 кітап оқуы қажет.

Марафон 2027 жылдың наурызына дейін жалғасады. Жоба аясында 195 аудан мен 87 қала қамтылып, облыстық кезеңде шамамен 4 мың жүлдегер анықталады. Олардың ішінен 20 өңірден 200 қатысушы республикалық финалға өтеді.

Финалдық кезеңде қатысушылар сұхбаттасудан өтіп, көпшілік алдында сөз сөйлейді. Бұл кезеңде олардың оқыған шығармаларын қаншалықты меңгергені және әдеби туындыларды талдау қабілеті бағаланады.

Жоба қорытындысы бойынша комиссия 10 үздік оқырманды анықтайды. Жеңімпаздарға "Жыл оқырманы" атағы беріліп, әрқайсысына 10 млн теңге көлемінде ақшалай сыйлық табысталады.

Марапаттау рәсімі 23 сәуір – Ұлттық кітап күніне орай өтетін Республикалық оқырмандар форумында ұйымдастырылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу