Қазақстанда зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимылға негізделген ең озық заңнама қалыптасты - Ерлан Қарин

162

Бүгін қабылданған заңды даярлауға да Балалардың құқықтары жөніндегі уәкіл, Ұлттық құрылтай мен Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшелері белсене атсалысты. 

Қазақстанда зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимылға негізделген ең озық заңнама қалыптасты - Ерлан Қарин Фото: Ақорда

Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы" заңға қол қойды. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Қарин Ерлан Тынымбайұлы заңның маңыздылығына тоқталып, пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әуел бастан әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау ісіне баса мән береді. Осы жылдарда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күреске қатысты кешенді шаралар жүйесі кезең-кезеңімен қалыптасты. Бүгін қабылданған заң отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимылды құқықтық тұрғыдан реттеу ісін қорытындылайды.  

Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрестің тиімді механизмін жасау – билік пен қоғамның сындарлы ынтымақтастығының нәтижесі. Бұл саладағы алғашқы бастамалар Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мүшелері берген ұсыныстар мен ұсынымдар негізінде әзірленді. Бүгін қабылданған заңды даярлауға да Балалардың құқықтары жөніндегі уәкіл, Ұлттық құрылтай мен Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшелері белсене атсалысты. 
 
Жаңа заң – Президенттің қоғамдағы бес кеселмен күресу жөніндегі жалпыұлттық бастамасы аясында қабылданған нақты шараның бірі. Президент Атыраудағы сөзінде қоғамдағы кеселдің бірі ретінде тұрмыстық зорлық-зомбылықты, буллинг пен агрессияны да атап өтті. 
 
Осы құжатты қабылдаудың арқасында Қазақстанда зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимылға негізделген ең озық заңнама қалыптасты. Сонымен бірге, отбасындағы зорлық-зомбылықпен тиімді күресу үшін қоғамда агрессияның кез келген түріне төзбеушілік ұстанымын орнықтыру маңызды", - деп жазды Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Telegram арнасында.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу