Түркістан облысы Шақпақ Баба асуындағы екі жолақты тоннелдің ұзындығы 840 метрге тең. Оның ені - 11 метр, биіктігі - 8 метр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында тоннелдің екі жағында жарықтандыру, желдету, дабыл беру мен бағдаршамдарды реттеу үдерістерін басқаратын диспетчерлік пункттер қарастырылды. Сонымен қатар нақты уақыт режимінде тоннелді бақылауға мүмкіндік беретін бейнебақылау және өрттен қорғау жүйелері орнатылған.
“Тоннелдің жанында жүргізушілер мен жолаушылардың ыңғайы үшін жол жөндеу пункті, жанармай құю бекеті, тікұшақ алаңдары және сауда аймақтары қарастырылған. Автожол тоннелінің ашылуы қарсаңында 100 адам мен 15 бірлік арнайы техника жұмылдырып, арнайы оқу-жаттығулар өтті. Жаттығулар шеңберінде тоннелдің қауіпсіздік жүйелері, соның ішінде желдету және өрт сөндіру жұмыстары сыналды”, – деп мәлімдеді көлік министрлігі.
Сондай-ақ төтенше жағдай кезінде көлік құралдарын жедел сүйреу және жол-пайдалану техникасының қозғалысын ұйымдастыру бойынша іс-әрекеттер пысықталып, жол қызметтеріне нұсқаулық берілді.