Қазақстандағы астық экспорты рекордтық көрсеткішке жетті

Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің алқа отырысында сөз болды. 

Қазақстандағы астық экспорты рекордтық көрсеткішке жетті Фото: egemen.kz

Жиында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов бірқатар статистикалық мәліметке тоқталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Ресми мәліметтерге қарағанда, Өсімдік шаруашылығындағы өндіріс 7,8%-ға, мал шаруашылығында көлемі 3,3%-ға өскен.

Орташа өнімділік 16,3 ц/га құрады, таза салмақта 25,9 млн тонна дәнді дақыл жиналды, оның 19,3 млн тоннасы – бидай. Майлы дақылдардан рекордтық 4,9 млн тонна, бұршақ дақылдарынан 1 млн тонна өнім алынды. 2,8 млн тонна картоп және 3,7 млн тонна көкөніс жиналды. Шитті мақтаның жалпы түсімі 466 мың тоннаға жетіп, соңғы 18 жылдағы ең жоғары көрсеткішке қол жеткізілді.

– 2024-2025 маркетингтік жылы 15,3 млн тонна астық экспортталды, бұл – алдыңғы кезеңмен салыстырғанда 60%-ға жоғары және соңғы 20 жылдағы ең жоғары көрсеткіш, – делінген хабарламада.

Сондай-ақ, онда егіс алқаптарын әртараптандыру шеңберінде бидай алқабы шамамен 900 мың гектарға қысқартылғаны айтылған.

Ауыл шаруашылығы техникасының лизингі көлемі алғаш рет 250 млрд теңгеге жетіп отыр. Яғни, 25 мың техника сатып алынған, машина-трактор паркінің жаңару деңгейі 6,5%-ға дейін өскен.

Алқа отырысында өңірлердің ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемін екі есеге арттыру жөніндегі Жол картасы индикаторларын орындауына ерекше назар аударылды.
Өсу қарқыны бойынша Батыс Қазақстан, Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстары көшбасшы деп танылды.

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Жол картасы әр өңір бойынша саланың даму басымдықтарын айқындайтын негізгі құжат екенін атап өтті.

– Жекелеген облыс әкімдерінің орынбасарлары тарапынан тапсырмаларды орындауға формалды көзқарас танытуға жол берілмейді. Әрекетсіздік тиісті шаралар қабылдана отырып, лауазымдық міндеттерді тиісінше орындамау ретінде қаралатын болады, – деді ол.

Сондай-ақ, АӨК-ті дамыту мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңестің төрағасы, "Атамекен" ҚР ҰКП Президиумы АӨК комитетінің төрағасы Ержан Нұрбаев баяндама жасады.

Алқа қорытындысы бойынша ірі жер пайдаланушыларды мал шаруашылығын дамыта отырып, аралас шаруашылық жүргізу моделіне көшіру арқылы жыл бойы жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету және жер ресурстарын пайдалану тиімділігін арттыру, қайта өңделген өнім үлесін ұлғайту жөніндегі шараларды іске асыру, мемлекеттік қолдау, жеңілдетілген кредиттеу және инвестициялық субсидиялау құралдарын барынша пайдалану, ветеринариялық және фитосанитариялық қауіпсіздікті нығайту бағытындағы жүйелі жұмысты жалғастыру тапсырылды.

Айта кетейік, отырыста 2025 жылғы агроөнеркәсіптік кешеннің даму қорытындылары және 2026 жылға арналған міндеттер де талқыға түсті. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу