"Қазақстанның автокөлік одағы" ұсынған мәліметке сәйкес, үш айда ел бойынша 46 843 жаңа автокөлік сатылған, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Бұл өткен жылмен салыстырғанда 18,8 пайызға артық. Сатып алу белсенділігі әсіресе көктемнің алғашқы айында байқалды. Наурызда ел аумағында 19 629 жаңа жеңіл автомобиль мен коммерциялық техника сатылып, былтырғы көрсеткіштен 23,4 пайызға жоғары нәтиже тіркелді.
Брендтер арасындағы бәсекеде Hyundai алдыңғы орнын бермей келеді. Наурызда бұл компания 4 472 көлік сатып, былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 32,8 пайыздық өсімге жеткен. Екінші орындағы Chevrolet 2 738 автокөлік сатқан, бұл өткен жылмен салыстырғанда 99,3 пайызға көп. Kia бренді үшінші орынға жайғасып, 2 120 көлік сатумен 17,1 пайыздық өсімді қамтамасыз етті. Jetour төртінші орынға орнығып, 1 362 көлік өткізсе, бұл да айтарлықтай – 74,4 пайыздық көрсеткіш. Chery маркасы 1 350 дана автокөлік сатумен алғашқы бестікті түйіндеп тұр. Сонымен қатар, Haval 1 288 көлік сатып (өсім – 14,6%), Jac – 1 071 (+54,3%), Geely – 1 021 (+45,6%), Toyota – 862 (керісінше, 21,2% төмендеген), ал Changan – 703 көлікпен (-42,1%) үздік ондыққа енген.
Ең көп сұранысқа ие модельдердің көшін наурызда Chevrolet Cobalt бастады, бұл модельдің 2 236 данасы сатылды. Одан кейін Hyundai Tucson (1 692), Kia Sportage (1 090), Hyundai Mufasa (955), Haval M6 (607), Chery Tiggo 2 (532), Hyundai Elantra (529), Hyundai Santa Fe (524), Geely Emgrand (493) және Jac S3 (461) сияқты үлгілер тұтынушылар таңдауының басында тұр.
Бірінші тоқсанның қорытындысына сәйкес, Hyundai маркасы жалпы 11 705 көлік өткізіп, өткен жылмен салыстырғанда 26,2 пайыздық өсім көрсеткен. Одан кейінгі орынға 6 009 көлігі сатылған Chevrolet шықса, бұл бренд үшін 80,1 пайыздық өсім саналады. Үштікті Kia 4 905 көлікпен (+0,6%) түйіндеді. Jetour – 3 103 көлікпен төртінші, ал Chery – 3 097 сатылған автокөлікпен бесінші орында.