Мәжіліс депутаты, Қазақстандағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Зағипа Балиева бас бостандығынан айыру орындарында балалар проблемасы жайында мәселе көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның сөзіне қарағанда, қазіргі кезде Қазақстандағы бас бостандығынан айыру мекемелерінде анасымен бірге 22 бала бар көрінеді.
"Сәбидің анасы қылмыскер болғанымен, баланың қандай кінәсі бар? Біз оның конституциялық құқығына нұқсан келтірудеміз және осыны нақты түсіну керек. Пробация институты мен жазаны өтеуді кейінге шегеру арқылы біздің қоғам бұл әйелдерге тиісті жағдайды жасауға дайын емес пе?! Бұл жағдайды бас бостандығынан айыру мекемелерінде отырған осы әйелдер үшін емес, балалар үшін жасаған жөн болар еді", - деді З. Балиева бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарды әлеуметтік оңалтудың 2017-2019 жылдарға арналған кешенді стратегиясын іске асыру тақырыбындағы Үкімет сағатында.
Осы орайда депутат балалар баспанада жақындарының дауысын естіп, саябақтарда серуенге шығып, лайықты тәрбие алуы тиіс екенін атап өтті. "Бала 3 жасқа дейін ештеңе түсінбейді деп ойлау қате пікір. Бала лайықты ортада болуы керек, себебі ол құқық бұзушылық жасаған жоқ, сондай-ақ сәби қылмыскер емес. Сондықтан өмірге келген сәтінен бастап бостандығынан айыру орындарында болмауы тиіс", - деп түйіндеді сөзін Балиева.