Қазақстандағы білім беру мекемелері бейнебақылау жүйелерімен 100% қамтылған - Ғани Бейсембаев

617

Елдегі білім беру ұйымдарын бейнебақылау жүйелерімен қамтамасыз ету 2,5 есеге артты.  

Қазақстандағы білім беру мекемелері бейнебақылау жүйелерімен 100% қамтылған - Ғани Бейсембаев Фото: inform.kz

Бұл туралы Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz.

Министрдің сөзінше, ведомство білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік талаптарының сақталуына тоқсан сайын мониторинг жүргізеді. Оның нәтижесі бойынша білім беру ұйымдарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуде оң динамика байқалып отыр.

"2020 жылмен салыстырғанда бейнебақылау жүйелерімен қамтамасыз ету – 2,5 есеге (2020 ж. – 2772, ал 2023 ж. – 6933), жедел басқару орталықтарына қосылу – 11 есеге (2020 ж. – 500, ал 2023 ж. – 5 986), лицензияланған күзетпен қамту – 7 есеге (2020 ж. – 275, 2023 ж. – 1 919), дабыл түймесін орнату 21 есеге артқан (2020 ж. – 115, 2023 ж. – 2 408). 2023 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша  бейнебақылау жүйелерімен білім мекемелері 100% қамтылған. Әкімдіктер оларды нұсқаулықтың жаңа талаптарына сәйкестендіру жұмыстарын жүргізуде. Ал жедел басқару орталықтарына 6 мыңға жуық білім ошақтары қосылған. Лицензияланған күзетпен 2 мыңға жуық, дабыл түймелерімен 2400-ден аса білім беру нысандары қамтылған", - деді Ғани Бейсембаев.

Оқу-ағарту министрі бұл жұмысты бірқатар өңірлер 2023 жылдың қыркүйегіне дейін толық аяқтауы қажет екендігін атап өтті.

"Білім беру ұйымдарының қауіпсіздігіне толық тексеру жүргізу мәселесі ақпан айында өңір әкімдері орынбасарларының қатысуымен министрлік өткізген арнайы кеңесте қаралды. Осыған орай бірнеше мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық ұйым өкілдерінен құралған 162 мониторингтік топ 20 өңірде жұмыс істеуде. Бүгінгі күні мониторингтік топ 10 мыңнан аса білім беру ұйымдарының 7 мыңға жуығын қамтыды", - деді министр.

Оның айтуынша, бұл жұмыс наурыз айының соңына дейін аяқталып, қорытындысы министрліктің алқалы отырысында қаралмақ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу