Еліміздің қайырымдылық индексі бойынша халықаралық рейтингтегі позициясы белгілі болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты ranking.kz порталына сілтеме жасап.
2024 жылы еліміз 142 елдің ішінен 113-орынға тұрақтады. Былтыр Қазақстан рейтингте 107-орында болған еді.
Талдау қорытындысы зерттелетін елдердегі азаматтардың сауалнамаларына негізделген. Қайырымдылық индексі бойынша Индонезия, Кения, Сингапур, Замбия және Нигерия үздік бестікке енді.
Ranking.kz порталы Қазақстандағы 10 ірі қайырымдылық қорларының тізімін жасады. Тізімде "Қазақстан халқына" қоғамдық қоры, Динара және Тимур Құлыбаевтардың "Halyk" қоры, Болат Өтемұратовтың "Асыл мирас" қоры, Añsa Foundation, "Дара" қоры, "Ана үйі" қоры, "Сәби", Нұрлан Смағұловтың қоры, Серікжан Сейтжанов атындағы қоғамдық-қайырымдылық қор, Шухрат Ибрагимовтың қоры бар.
Ресурс ең ірі қоғамдық қорлардың қатарына 2022 жылы Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған "Қазақстан халқына" қорын жатқызды. Үш жыл ішінде бұл ұйым 250 млрд теңгеден астам қаражат жинады.