Қазақстандағы ең ірі өндірістік қалдық орны жойылады

888

Қазақстандағы ең ірі өндірістік қалдық орны жойылады

Ақтөбедегі Алға химия зауытының аумағы түгел залалсыздандырылып, өндірістік қалдық жойылады. Бұл жобаға 7 миллиард теңге жұмсалады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ақтөбенің Алға қаласында С.Киров атындағы химия зауыты болды. Мұнда мыңдаған адам жұмыс істеп, өндіріс орны 90 жылдардың соңына дейін сақталды. Банкрот болған компанияның қазір қаңыраған нысандары ғана қалды. Бәрі улы, зиянды болған соң оны көміп, залалсыздандыру қажет.

"Өндіріс орнының ескі ғимараттарында 40-тан астам қалдық бар. Бұл аумақтағы химиялық және өндірістік қалдықтарды жоюға арналған жобалық-сметалық құжатқа 100 миллион теңге жұмсалды. Бәрі 371 гектар болады. Бұл Қазақстандағы ең ірі өндірістік қалдық орны. Ғимараттардың бәрі бұзылып, жер тегістеледі. Сол кезде Елек өзеніне кетіп жатқан зиянды қалдықтар тоқтап, ауа тазарады", - деді "Жасыл даму" АҚ департамент басшысы Жанна Асанова.

Негізгі жұмыс 2009 жылы басталды. Мүлікті түгелдеу кезінде 17 нысанның иесі бар екені анықталды. Олардың кейбірі мүлікті жалға алып отыр. Жекенің қолында барлығы 7 жер телімі тіркелген. Ескі өндірістік қалдық жинақтағышында 15 миллион тонна, жаңасында 11 миллион тонна қалдық бар. Ал Алға химиялық зауытында 730 мың тоннадан астам өндірістік, химиялық қалдық жатыр.

Айта кетейік, Алға химиялық зауытының орнын залалсыздандыруға 7 миллиард теңге қажет. Қазір жобалық-сметалық құжат дайындалып, ҚР энергетика министрлігінде қаралып жатыр. Алдағы уақытта ескі химиялық зауыттың орнына Алға индустриалды аймағы салынады.

"Алғадағы химия зауытының жұмысын дамыту жоспарда бар. Таяуда Қытайға барып, "Нитрохим" компаниясының жұмысын жандандыру жоспары құрылды. Әрі қарай дамытып, қосымша жұмыс орындарын ашамыз", - деді Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу