Қазақстан Республикасының Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры елдегі ең жоғары зейнетақыны жариялады. Бұл туралы inbusiness.kz сайты хабарлайды.
"Зейнеткерлік жасқа толуына байланысты БЖЗҚ-дан кесте бойынша орташа айлық төлем сомасы 32 202 теңгені, ал ай сайынғы төлемнің ең жоғары сомасы 742 692 теңгені құрады. Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың сәйкес кезеңінде БЖЗҚ-дан кесте бойынша ай сайынғы төлемнің орташа сомасы 29 973 теңге, ал ай сайынғы төлемнің ең жоғары сомасы 707 326 теңге болған", –делінген хабарламада.
2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыларының шоттарында 17,9 трлн теңге сомасында зейнетақы жинақтары қалыптастырылды. 2023 жылы жинақ сомасы 3,2 трлн теңгеге немесе 21,8%-ға өсті.
"Зейнетақы жинақтарының басым сомасы міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) есебінен жиналып, 17,3 трлн теңгеге жетті. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) бойынша зейнетақы жинақтарының сомасы – 568,5 млрд теңге (2023 жылғы өсім – 27,6%), ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) бойынша зейнетақы жинақтарының сомасы шамамен 5,3 млрд теңге болды", – деп атап өтті БЖЗҚ-да.