Ұлттық банк Қазақстандағы ірі банктерді қолдау бағдарламасының басталғаны туралы хабарлады. Бағдарламаға 500 млрд теңге жұмсалуы мүмкін және ол банктердің жиынтық капитал 1 трлн теңгеге жеткенше 15 жылға созылады. Бұл туралы бас банк төрағасының орынбасары Олег Смоляков мәлімдеді, деп хабарлайды qazaqtimes.com.
Ұлттық банктің мәліметінше, банктерге қаржы ұсынатын бағдарламаға капиталы 45 млрд теңге шамасында болатын 15 қаржы институты қатыса алады. Бағдарлама бюджеті реттеушінің жеке қаражатынан реттелетін болады.
"Бағдарламаға барлық банктер қатыса алмайды. Әрбір өтінішті жеке-жеке қараймыз. Ал бағдарлама құны нақтыланып жатыр, бірақ шамамен 500 млрд теңге болады", - деді Смоляков. Сондай-ақ, ол банктер бағдарламаға өз еркімен қатыса алатынын атап өтті. Қаражат банктерге қайта қайтару шарты бойынша беріледі, бұл жағдайда банк акционерлерінің де рөлі маңызды екенін атап өтті. Ал бағдарлама жұмысымен және мониторингімен айналысатын еншілес ұйым құрылады. Смоляковтың сөзінше, алдағы 1,5 ай ішінде Ұлттық банктің еншілес ұйымы әрбір банкті сауықтыруға қатысты жеке жоспар дайындайды.
Ұйым осы жылдың тамыз-қыркүйек айларында іске қосылып қалуы мүмкін. Ал Ұлттық банктің банктерді бақылау жөніндегі департаментінің директоры Олжас Қазитовтың сөзінше, бұл бағдарламаның іске қосылуының басты себебі - жұмыс істемейтін кредиттер.
"Ресми мәлімет бойынша жұмыс істемейтін кредиттердің деңгейі қарыз портфелінің 11 пайызын құрайды. Бірақ біз мұны жоғарғы көрсеткіш деп есептейміз. Қайта құрылымдалған қарыздар да проблемалы болып табылады, олардың үлесі қазір 25 пайыз. Бұлар капиталға айтарлықтай қысым жасап, кредиттеуді тоқтатып отыр", - дейді ол.