Жануарлардың ең көп бөлігі Орал популяциясына тиесілі болып шықты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұл өңірді 2,3 миллион киік мекен етеді. Бетпақдалада 1,6 миллионға жуығы тіркелсе, Үстірттегі киік саны 78 мың басқа жеткен.
Қазақстан даласындағы өзге де жабайы жануарлардың саны туралы мәлімет те жарияланды. Мысалы, ел аумағында 16 мыңнан аса қарақұйрық, 17 мыңнан көп арқар, 5000-ға жуық құлан және 1 200-ден аса тоғай бұғысы бар. Сонымен қатар, жекдуадақ популяциясы да өсіп, олардың саны 16 500-ге жетеғабыл болды.
Мамандардың сөзінше, Қазақстанда сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар жануарларды бұрынғы тарихи мекендеріне қайта жерсіндіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Мұндай жобалар олардың популяциясын қалпына келтіріп ғана қоймай, табиғи таралу аумағын кеңейтуге де мүмкіндік береді.
Биыл осы жұмыстар аясында 66 құлан жаңа мекенге көшірілген. Оның 42-сі "Іле-Балқаш" мемлекеттік табиғи резерватына жіберілсе, қалған 24-і "Алтын дала" резерватына орналастырылған.
Қостанай облысының оңтүстігіндегі "Алтын дала" мемлекеттік табиғи резерваты аумағында 2017 жылы арнайы жерсіндіру орталығы құрылған болатын. Қазіргі уақытта мұнда 14 Пржевальский жылқысы бағылады. Жоспарға сәйкес, 2029 жылдың соңына дейін Қазақстанға тағы 40 Пржевальский жылқысын әкелу көзделіп отыр.
Елімізде Тұран жолбарысын тарихи мекеніне қайта жерсіндіру бағытындағы ауқымды жоба да жалғасуда. Бұл мақсатта генетикалық ерекшеліктері жағынан Тұран жолбарысына ең жақын саналатын Амур жолбарыстары таңдалған.
Жолбарыстарды табиғи ортаға бейімдеуге қажетті жағдай жасау үшін "Іле-Балқаш" резерватының аумағында олардың қорек базасын қалыптастыру жұмыстары жүргізілді. Осы мақсатта резерватқа құлан, қарақұйрық және қабандар жіберілген. Тамыз айында "Үміт" есімді алғашқы ұрғашы Амур жолбарысы табиғи ортаға шығарылды.
Қазіргі уақытта Қазақстан аумағында омыртқалы жануарлардың 835 түрі мекендейді. Олардың 132 түрі мен түр тармағы Қызыл кітапқа енгізілген. Мұнан бөлек, қорғауға алынған омыртқасыз жануарлардың 96 түрі де Қазақстанның Қызыл кітабына енген.