Кеңеске желі басшылығы, мемлекеттік органдар, сондай-ақ "Қазақстанның Ет одағы", "Қазақстан құс өсірушілер одағы" өкілдері және басқалар қатысты.
Кеңес барысында "Food Solutions KZ" ЖШС (Қазақстандағы McDonald's) бас директоры Әсет Машанов компания еліміздің нарығында қызметін жалғастыруды жоспарлап отырғанын және мейрамханалардың жұмысын қалпына келтіру бойынша жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Сондай-ақ, ол мемлекеттік органдарды тарту қызметті қайта бастау процесін жеделдетуге көмектесетін бірқатар мәселелерді атап өтті. Мысалы, барлық жүктерді, әсіресе ветеринарлық жүктерді кедендік тазарту үдерістерін жеделдету, сертификаттау органдарынан құжаттар алуды жеделдету және т. б.
"Биылғы жылдың соңына дейін алыс және жақын шетелдерден жүктер келетін болады. Кедендік тазарту процесі, қолда бар тәжірибеге сәйкес, өкінішке орай, бір жұмыс аптасына дейін ұзақ уақытты алады. Мұны барыншы жеделдетуге қолдау көрсетуіңізді сұраймыз", –деді Әсет Машанов.
Өз кезегінде мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдері фитосанитариялық сертификаттар мен сәйкестік сертификаттары сияқты уәкілетті органдардан рұқсат беру құжаттары болған кезде жәрдем көрсетуге дайын екендіктерін атап өтті.
Жиын барысында импортты алмастыру мәселесі де көтерілді. Қазақстанның ет одағы, Қазақстан құс өсірушілер одағының, Қазақстанның сүт одағының және т.б. өкілдері импорттық тауарлардың орнына өз өнімдерін ұсынды.
"Отандық өнімді неге пайдаланбасқа? Сапасы жағынан ешбір кемшілігі жоқ. Ал қауіпсіздік тұрғысынан, әрине біздің өнімді таңдаған дұрыс", – деді "Қазақстан құс өсірушілер одағы" ЗТБ президенті Руслан Шарипов.
Импортты алмастыру мәселесіне қатысты сауалға Әсет Машанов отандық өнімді пайдалануға дайын екендіктерін айтып, қазақстандық өндірушілермен келіссөздерді бастап кеткенін айтты.