Соңғы кездері медициналық туризм бизнесі қарқынды дамуда. Ал Қазақстанда медициналық туризм саласында қандай ілгерілеу бар? Бұл туралы University Medical Center корпоративтік қорының медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Бекбай Есләмұлы Хайрулин айтты, деп хабарлайды forbes.kz.
"Мен өзіміздің қорға қарайтын клиникаларға қатысты айтып өтсем. Мәселен, Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығында медициналық туристер үшін босану және кесарь оталары барынша көп сұранысқа ие болып отыр. 2017 жылы Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығында әлемнің 27 мемлекетінің 111 азаматтына түрлі медициналық қызмет көрсетілді. Олардың ішінде басым көпшілігі, атап айтқанда 59% - Ресей, Түркия және Өзбекстан сияқты елдердің азаматтарының үлесіне тиеді", - дейді Бекбай Есләмұлы Хайрулин.
Сондай-ақ, диагностикалық орталықта радиофармпрепараттар шығаратын өзінің желісі бар Қазақстандағы жалғыз ПЭТ орталық жұмыс істейді екен. Дирекор Қазақстандағы ядролық медицинаны жаңғыртуда бұл аса маңызды шара болғанын айтады.
Орталықта 50-ден астам түрлі мамандық иелері қызмет көрсетеді. Қазақстандағы ең ірі медициналық зертхана да осында. Онда 700-ге тарта түрлі зерттеулер жасалады. Республикалық диагностикалық орталық амбулаториялық ұйым болғандықтан, мұнда негізінен елімізге сапарлап келген немесе осында жұмыс істеп жатқан шетелдіктер де қызмет алады. Былтыр әлемнің 79 елінің 1644 азаматы осы орталық қызметіне жүгінген.
"Біздегі медициналық орталықтар ұсынатын қызмет түрлерінің сапасы мен бағасы жағынан бәсекеге қабілетті деуге болады. Бір-екі мысал ғана келтірейін. Республикалық диагностикалық орталықта 2016 жылдан бері халықаралық стандарттарға толықтай сай келетін кешенді диагностикалық қызметтер ұсынатын Check-up орталығы жұмыс істейді. Онда адамды бастан-аяқ толықтай бір күнде тексеріп шығатын қызмет түрлері бар. Дәл сондай қызметтер топтамасы бізге қарағанда Оңтүстік Корея мен Израильде 3-5 есеге дейін қымбат. Ал Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы ұсынатын экстракорпоральды ұрықтандыру қызметінің бағасы Түркия мен Германияның клиникаларымен салыстырғанда 10 есеге дейін арзанға шығады", - дейді ол.