Шымкентте өткен қалалық тамыз конференциясында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев алдағы оқу жылының негізгі бағыттарын жариялап, білім беру ұйымдарының ішкі безендіруіне бірыңғай дизайн-код енгізілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Алдағы уақытта бұл стандарт 1300 мектепті жөндеу кезінде де қолданылады.
Келешекте дизайн-код елдегі барлық білім беру ұйымдарын қамтып, оқушыларға біртұтас орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Конференцияда Ғани Бейсембаев мұғалім мәртебесін қорғау, ата-аналар комитеттерін трансформациялау, жасанды интеллектті оқу бағдарламасына енгізу және AI-Kitap білім беру платформасын дамыту сынды бастамаларды да атап өтті.
Сондай-ақ конференция соңында министр 25 педагогке ведомстволық марапаттар табыстады. Жұмысшы мамандықтар жылы аясында білім беру ұйымдарының техникалық қызметкерлеріне ерекше назар аударылып, олар алғаш рет адал еңбегі мен Шымкенттегі білім беру саласының дамуына қосқан үлесі үшін марапатталды.