Қазақстандағы мүгедектігі бар адамдардың саны белгілі болды

Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.  

Қазақстандағы мүгедектігі бар адамдардың саны белгілі болды Фото: canva

2026 жылдың 1 ақпанындағы статистикаға сай 86,2 мың адам еңбек ету қабілетінен айырылу бойынша әлеуметтік төлем алған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Елімізде жыл басынан бері мүгедектігі және асыраушысынан айырылу жағдайымен мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды төлеуге республикалық бюджеттен 59,3 млрд теңге жұмсалған. Бұған қосымша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ) еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу бойынша шамамен 8,9 млрд теңге сомасына әлеуметтік төлемдер жүзеге асырылып отыр. 

Министрлік 2026 жылдың 1 ақпанында мүгедектігі бойынша МӘЖ алушылар саны шамамен 545,9 мың адамды, асыраушысынан айырылу жағдайы 191,9 мың адамды құрағанын мәлім еткен. 

– Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері қайтыс болған асыраушының асырауындағы адамдардың санына, қайтыс болу себептеріне және ең төмен күнкөріс деңгейіне байланысты болады.

Бұдан басқа, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға әлеуметтік тәуекелдер туындаған жағдайда МӘСҚ-дан әлеуметтік төлемдер жүзеге асырылады. 2026 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша 86,2 мың адам еңбек ету қабілетінен айырылу бойынша әлеуметтік төлем, ал 62,9 мыңға жуық отбасы асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем алды.

Төлемдердің мөлшері соңғы 2 жылдағы МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табыс, еңбекке қабілеттілігінен айырылу коэффициенттері, асырауындағы адамдар саны, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі және табысты ауыстыру деректеріне байланысты, әр адамға жеке тағайындалады, – деп жазылған министрлік таратқан ақпаратта. 

Мүгедектігі және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері 2026 жылғы 1 ақпаннан бастап ең төмен күнкөріс деңгейінің ұлғаюына байланысты 10%-ға өскен. 
Осылайша, осы жылы жалпы аурудан мүгедектігі бойынша МӘЖ мөлшері 1-топ үшін – 111 873 теңгені, 2-топ үшін – 89 498 теңгені, 3-топ үшін – 61 022 теңге болды. 

Еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойынша әлеуметтік төлемдердің орташа мөлшері 54 742 теңгені, асыраушысынан айырылу бойынша 55 800 теңгені құрап отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу