Қазақстандағы өзендердің тартылып бара жатқанын көріп отырмыз – Әлихан Смайылов

641

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов су тапшылығы жылдан жылға артып бара жатқанын айтады, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Қазақстандағы өзендердің тартылып бара жатқанын көріп отырмыз – Әлихан Смайылов

"Сарапшылар 2040 жылға қарай Қазақстанда суды тұтыну көлемі 56%-ға өседі деп болжап отыр. Су тапшылығы жылына 12 км³ дейін жетуі мүмкін. Оның үстіне біз Қазақстандағы өзендердің тартылып бара жатқанын көріп отырмыз. Бұл алдағы уақытта еліміздің оңтүстік өңірлері су тапшылығының зардабын тартуы мүмкін дегенді білдіреді. Сондықтан суды тиімді пайдалану өте өзекті мәселе болып отыр", - деді Смайылов.

Оның айтуына қарағанда, ауыл шаруашылығына арналған судың небары 60%-ы ғана егіс алқаптарына дейін жетеді. Қалған бөлігі инфрақұрылымның нашарлығынан далаға кетеді.

"Сондықтан каналдар мен су қоймаларын жөндеп, су ресурстарын басқаруды автоматтандыру қажет. Әкімдіктер бұл мәселені ерекше бақылауда ұстап, су шаруашылығы объектілерін цифрландыру және автоматтандыру жөніндегі жол карталарын уақтылы іске асыруды қамтамасыз етуі тиіс. Каналдар мен су қоймаларының меншік иелері өз міндеттерін нақты орындайтын болса, жөндеу жұмыстарына және су ресурстарын басқаруды жетілдіруге мемлекеттік қолдау шараларымен ынталандыру маңызды", - дейді Смайылов. 

Ол әкімдіктерге суды көп қажет ететін дақыл алқаптарын қысқарту үшін фермерлер арасында үнемі түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

"Суармалы суға тарифті қайта қарап, оны барынша ұқыпты пайдалануды қамтамасыз ету аса маңызды", - дейді Смайылов.

Тасқын Болатұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу