Осылайша, министрлік медициналық ұйымдардың қызметіне мемлекеттік бақылауды күшейтуге кіріседі, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұл Бас прокуратурасымен келісілген, пластикалық хирургия қызметін көрсететін медициналық ұйымдарға қосымша жоспардан тыс тексеру саналады.
Кешенді тексеру барысында заң бұзушылықтар анықталса, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті шаралар қабылданады.
– Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің аумақтық департаменттері пластикалық хирургия саласында қызмет көрсететін медициналық ұйымдарға 2021 жылдан бүгінгі күнге дейін 92 жоспардан тыс тексеру жүргізді.
Пластикалық хирургия саласында көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігіне қатысты азаматтардың шағымдары мен өтініштерінің көбеюіне байланысты Тексерулердің басым бөлігі 2024 жылы болды, – деп жазылған ресми хабарламада.
Тексеру нәтижесінде лицензиялық талаптардың, медициналық көмекті ұйымдастыру стандарттарының және медициналық құжаттаманы жүргізу қағидаларының бұзылғаны анықталып отыр. Сонымен қатар, кейбір медициналық ұйымның тиісті рұқсат құжаттарынсыз қызмет көрсеткені белгілі болған.
Анықталған заң бұзушылықтарды жою үшін Комитеттің аумақтық департаменттері міндетті түрде орындалуға тиіс нұсқамалар берген. Мұнан бөлек, әкімшілік құқықбұзушылықтар бойынша 24 хаттама толтырылып, жалпы сомасы 4,8 млн теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынған.
– Бақылау шаралары аясында Комитеттің аумақтық департаменттері пластикалық операциялардың соңы адам өліміне әкелген жекелеген жағдайлар бойынша да жоспардан тыс тексерулер жүргізді. Мұндай оқиғалардың ең көбі Алматы және Астана қалаларында, сондай-ақ Маңғыстау облысында тіркелді. Тексеру қорытындысы бойынша материалдар заңнамаға сәйкес тиісті процестік шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жолданды, – делінген ресми ақпаратта.