ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында жыл сайын жұмыс берушілердің қажеттіліктері бойынша Қазақстанға шетелдік жұмыс күшін тартуға квота мөлшерін бекітіп, бөледі, деп жазады inbusiness.kz ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.
2023 жылы ШЖК-ны жұмысқа тарту бойынша 4 санатта квота бөлінді: бірінші санат - 949 рұқсат (басшылар және олардың орынбасарлары), екінші санат - 5 313 рұқсат (құрылымдық бөлімшелердің басшылары). Рұқсаттардың негізгі бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттарға жатады – тиісінше 10 818 және 2 100 бірлік. Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға 3 080 жұмыс күшін тарту жоспарлануда.
Бұдан басқа, 2023 жылы үй шаруашылықтарында жұмыс істеу үшін еңбек иммигранттарды тартуға арналған квота республикадағы жұмыс күшінің санына қатысты 3,2% немесе 296,7 мың бірлік мөлшерінде белгіленген.
Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылы жергілікті атқарушы органдар жұмыс берушілерге ШЖК тарту үшін 13,4 мың рұқсат берді және ұзартты, бұл қайта бөлінген квотаның 63,5% - ын (21,1 мың) құрады.
Қазіргі уақытта Қазақстан аумағында жергілікті атқарушы органдардың рұқсаты бойынша 13 951 шетел азаматы жұмыс істейді.
2022 жылы үй шаруашылықтарында жұмыс істеу үшін еңбек иммигранттарын тартуға 300 мың квота белгіленді. Ал жергілікті атқарушы органдар 272 002 рұқсат берді.