2023 жылы Қазақстанда такси қызметін көрсететін компаниялардың кірісі бір жылда 17%-ға өсіп, 5,9 млрд теңгеге дейін жетті. Бұл туралы inbusiness.kz сайты Energyprom.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
2023 жылдың қаңтар айындағы жағдай бойынша, такси қызметін 47,4 миллион адам қолданғаны хабарланды. Бұл көрсеткіш бір жыл бұрынғымен салыстырғанда, 2%-ға аз. Ал жолаушылар айналымы бір жылда 44%-ға, яғни 1,4 млрд жолаушы-километрге дейін қысқарды.
Сонымен қатар, 2023 жылдың желтоқсан айында таксимен жүру өткен жылдың желтоқсанымен салыстырғанда, 9,1%-ға қымбаттағаны атап өтілді.
Аймақтық тұрғыдан алғанда, бағаның өсуін Алматы тұрғындары ең көп сезінді. Себебі, өңірде такси қызметінің бағасы 30,3%-ға қымбаттаған. Сондай-ақ, антирейтингте екінші және үшінші орындарды Ақтөбе және Абай облыстары иеленді.
Ал Маңғыстау облысында такси қызметтерінің жылдық ең аз (1,2%) қымбаттауы тіркелді. Сондай-ақ, тағы үш өңірде — Алматы, Шығыс Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарында бағалар бір жыл бұрынғыдай деңгейде қалды.
Numbeo мәліметтеріне сәйкес, стандартты тариф бойынша бір шақырымға есептелген такси қызметтерінің ең жоғары бағасы – 2024 жылдың 15 қаңтарында Швейцарияда (4,63 доллар), Люксембургте (3,29 доллар) және Кувейтте (3,25 доллар) тіркелді. Ал Қазақстанда такси қызметтерінің құны 0,61 долларды құрады. Бұл – ТМД елдері арасындағы ең жоғары көрсеткіш.