Қазақстандағы такси жүргізушілері мен курьерлерге қатысты жаңалық жария болды

2026 жылдан бастап елімізде такси жүргізушілері мен курьерлер жеке кәсіпкер ретінде саналмайды.

Қазақстандағы такси жүргізушілері мен курьерлерге қатысты жаңалық жария болды Фото: Depositphotos

Бұл норма жаңа Салық кодексі аясында күшіне енетін болады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Мемлекеттік кірістер комитетінің арнайы салық режимдерін әкімшілендіру басқармасының басшысы Ерқанат Шынбергеннің сөзінше, бұл тікелей қосымшалар мен интернет-платформалар арқылы жұмыс істейтін таксистер мен курьерлерге қатысты. Олар – Yandex, InDrive, Glovo, Wolt және басқа сервистер. 

Дәл осы платформалардың операторлары жұмыс істейтін адамдар үшін әлеуметтік төлемдерді ұстап қалып, өзі аударады. Бұл норма 2024 жылдың 1 қыркүйегінен бастап күшіне енген және жаңа Салық кодексінде де сақталмақ. Ең басты айырмашылық, аталған санаттар үшін ЖК мәртебесі алынып тасталады. 

– Қазір арнайы салық режимін қолданатындар – жеке кәсіпкерлер. Ал келесі жылдан бастап олар есептен алынып, жеке тұлға ретінде қарастырылады, – деді Е.Шынберген.

Тағы бір өзгеріс бар. Ол төлем құрылымына қатысты. Яғни, бірыңғай мөлшерлеме бұрынғыдай 4 пайыз болып қалады, бірақ оның ішінен жеке табыс салығы алынып тасталады. Оның орнына міндетті зейнетақы жарналары енгізіледі. Бұл жарналарды да платформаның операторы ұстап қалады. 

– Жаңа Салық кодексінде де солай, әлеуметтік төлемдердің 4 пайызы, мысалы таксистер үшін платформа арқылы ұсталады. Ай қорытындысы бойынша оператор оларды тиісті қорларға аударады. Қазір бұл жүйені Қазақстан бойынша шамамен 118 мың адам пайдаланып отыр, – деп нақтылай түсті басқарма басшысы. 

Жалпылама алғанда, ресми түрде салық жүктемесі өзгермейді, мөлшерлеме бұрынғыдай 4 пайыз болып қалады. Сондықтан, қағаз жүзінде жолақы мен жеткізу құны өзгермеуі тиіс. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу