Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов төртінші мұнай өңдеу зауытына қатысты сұрақтарға пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Төртінші зауыт іске асырылады. Қазіргі таңда техникалық-экономикалық негіздемелер бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" АҚ осы бағыттағы жұмысты жүргізуде. Осы жылдың аяғына дейін нақты шешім қабылданады. Біз бүгінде алаңды таңдап үстіндеміз. Ол Маңғыстау, Атырау, Ұлытау облысы немесе оңтүстік Қазақстанда орналасатынын да оның бәрін таңдап, зерттеп отырмыз. Сонымен қатар электр энергиясы мен су көздеріне деген қажеттіліктерін айқындап отырмыз", – деді Ерлан Ақкенженов Үкімет отырысынан кейінгі брифингте.
Тілшілер: "Жаңа МӨЗ-дің іске асыру мерзімі белгілі ме?" деп нақтылады.
"Негізінен осы жобаны іске асыру үшін 3 немесе 4 жыл керек. Бұл техникалық-экономикалық негіздемені, жобалық құжаттамаларды жасауға, құрылыс жұмыстарын жүргізуге қажет", – деп жауап берді ведомство басшысы.