Қазақстандағы тұңғыш толық циклді мақта кластері іске қосылуға жақын

Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми парақшасы жазды. 

Қазақстандағы тұңғыш толық циклді мақта кластері іске қосылуға жақын Фото: АШМ

Түркістан облысына жұмыс сапары барысында министр Айдарбек Сапаров өңірдің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерімен кездесті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Жиында мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыру, су үнемдеу технологияларын енгізу және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді дамыту мәселелері талқыланған. 

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, аграршыларға мемлекеттік қолдаудың кең ауқымды құралдары ұсынылуда. Бұл шаралар ел экономикасына нақты нәтиже беріп, өндіріс көлемінің артуына және саланың одан әрі дамуына ықпал етуі тиіс, – деп атап өтті Айдарбек Сапаров.

Жалпы, Түркістан облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері жеңілдетілген қаржыландыру тетіктерін белсенді пайдаланып келеді.

Мысалы, "Кең дала" бағдарламасы аясында өңірде жалпы сомасы 31,7 млрд теңгені құрайтын 1 327 өтінім мақұлданған. Ал "Жеңілдетілген лизинг" бағдарламасы бойынша 625 бірлік ауыл шаруашылығы техникасын жеткізуге шарттар жасалып отыр. 

2026 жылы облыста ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабы 917 мың гектарға жеткен. Өңір мақта, көкөніс және бақша дақылдарын өсіру бойынша еліміздегі жетекші аймақ әрі өсімдік шаруашылығының ірі орталықтарының бірі болып қала береді. 

Министр Мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары аясында өндірістің барлық кезеңіне арналған жеңілдетілген қаржыландыру шаралары қарастырылғанын атап өтті. Сонымен қатар, "Игілік", "Береке" және "Жайлау" бағдарламаларының іске асырылуы жалғасуда.

Жұмыс сапары барысында Айдарбек Сапаров Қазақстандағы алғашқы толық циклді мақта-тоқыма кластерінің жұмысымен танысты. "Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені" ЖШС жобасының жалпы құны 146,8 млрд теңгені құрайды

– Биыл мақта 50 мың гектар алқапқа тамшылатып суару технологиясын қолдану арқылы егілді. Бұл су ресурстарын тиімді пайдалануға және климаттың өзгеруі жағдайында өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді.

Кәсіпорында жасанды интеллект негізіндегі заманауи цифрлық шешімдер енгізілген. Бұл өндірістік процестерді басқаруға, егіс алқаптарын бақылауға, су пайдалану көлемін, топырақ ылғалын және егістіктің жай-күйін бақылауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, кешен дайын өнімді сақтауға арналған заманауи қоймалармен жабдықталған, – делінген министрліктің ресми парақшасында. 

Жоба аясында өндіріс процесі шикізатты барынша тиімді пайдалану және қалдықсыз өңдеу қағидатына негізделген. Өңделген мақта талшығы кейін Түркістан қаласындағы кәсіпорындарға жөнелтіліп, онда жіп пен мата өндіруге жұмсалады. Дайын өнімнің белгілі бір бөлігін Қытай мен Еуропа елдерінің нарығына шығару көзделіп отыр. Ал өндіріс барысында алынатын қосымша өнімдер мал азығын әзірлеуге бағытталады.

Қазіргі уақытта жоба шеңберінде екі мақта өңдеу зауыты салынып жатыр. Кәсіпорындар іске қосылғаннан кейін олардың жалпы өндірістік қуаты жылына 180 мың тонна шитті мақтаны өңдеуге жетеді.

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Сауран ауданындағы "Датка" шаруа қожалығының жұмысымен де танысты. Мұнда тамшылатып суару технологиясын пайдалану арқылы отандық селекциядағы мақта сорттарын өсіру жобасы жүзеге асырылуда. Бүгінде бастама 250 гектар аумақты қамтып отыр, ал жобаға тартылған инвестиция көлемі 500 млн теңгені құрайды.

Заманауи агротехнологияларды енгізудің нәтижесінде мақта өнімділігі айтарлықтай артқан. Егер 2024 жылы әр гектардан орта есеппен 35 центнер өнім жиналса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 50 центнерге жеткен. Ал биыл шаруашылық өнімділікті гектарына 60 центнерге дейін ұлғайтуды мақсат етіп отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу