Қазақстандағы зауыт картоп өнімдерінің 80 пайызын Ресейге экспорттайды

1589

Қазақстандағы зауыт картоп өнімдерінің 80 пайызын Ресейге экспорттайды

"KazakhInvest" Ұлттық компаниясы" АҚ басқарма төрағасы міндетін атқарушы Мейіржан Мәйкенов таяуда Қазақстанда жүзеге асырылатын инвестициялық жобалар жайында айтып берді, деп хабарлайды kazembassy.ru.

"Жалпы алғанда, бүгінде "KazakhInvest" ұлттық компаниясы жұмысында 158 жоба қамтылған. Өңірлік тұрғыда жобалардың көбісі Атырау, Ақмола, Ақтөбе, Алматы облыстарында және Астана қаласында орналасқан. Жобалардың жалпы құны 49 млрд долларға бағаланып отыр. Аталған 158 жобаның арасында белсенді түрде пысықталып жатқандарының саны 76-ға (20,4 млрд доллар) жетті, яғни бұл жобаларда әріптестер, қаржылық модель, бизнес жоспар, техникалық-экономикалық негіздеме ескерілген. Осы орайда бұлар толықтай жүзеге асыруға дайын тұр", – деп тоқталды ол сенатта өткен ел экономикасына инвестиция тарту тақырыбындағы дөңгелек үстелде.

Оның сөзіне қарағанда, бұл 76 жобаның ішінде трансұлттық компаниялардың қатысуымен 34-і қамтылған. Аталған жобалардың арасында 26-сы қытайлық, 20-сы еуропалық елдердің инвестицияларына бағдарланған. Ал салалық нышан бойынша жобалардың көбісі химиялық, мұнай-химиялық, фармацевтикалық бағыттарда іске асыруға негізделген, яғни бұл 19 жоба 10 млрд долларға бағаланып отыр. Тау-кен әрі металлургиялық саладағы 18 жоба 5 млрд долларды құрады. Сонымен қатар басымдыққа ие агроөнеркәсіптік кешендегі 12 жобаның құны 500 млн долларға жетті.

"2017 жылы жүргізілен жұмыстың нәтижесінде 5 жоба аясында құрылыс жұмыстары басталды. Бұдан бөлек, 2018 жылға жоспарда 16 жобаны іске қосу көзделген. Олардың арасында Нидерландының Farm Frites трансұлттық корпорациясы жобасына тоқталсам, олар картоп өнімдерін өндіруге мамандандырылған. Бұл компания барша әлем бойынша McDonalds жүйесіне ресми өнім жеткізуші болып табылады. Farm Frites иелігінде картоп өндіруде ірі алты зауыты бар. Енді жетінші зауыт Алматы облысында салынады. Зауыттың қуаттылығы 70 мың тоннаны құрайды. Атап айтқанда, барша өнімнің 80 пайызы ресейлік нарыққа экспортталатын болады", – деді Мейіржан Мәйкенов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу