Қазақстандағы жайылымдарда 3,5 мың құдық салу жоспарлануда. Бұл туралы бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өтіп жатқан Үкіметтің кеңейтілген отырысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары — Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов айтты, деп жазады egemen.kz.
"Өткен жылдың жайылымдарды суландыру бойынша жоспары орындалды, яғни 600 құдық салынды. Ағымдағы жылы тағы 700 құдықтың құрылысы пайдалануға берілмек. Жалпы бағдарлама аясында 3,5 мың құдықты салу жоспарлануда, бұл өз кезегінде суландырылған жайылымдардың көлемін 18 млн гектарға жеткізуге мүмкіндік береді", — деді Мырзахметов.
Өз кезегінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жайылымдар сумен қамтамасыз етілсе, органикалық өнімнің көлемін айтарлықтай арттыруға болатынын атап өтті.
"Қазақстан даласы мал шаруашылығына бейімделген. Кезінде кеңестік кезеңде болған мыңдаған құдықтар жабылып қалды. Бір құдықтың төңірегінде 2-3 мың қой жинауға болады. Тек осы мәселе ғана кедергі болып отырған. Барлық жерді осы мақсатта пайдалануға болады. 150 млн гектар жайылымдық жерлеріміз бар. Әкімдермен бірге әрбір құдықты қарап, соның маңайында бірнеше отар қой ұстасаңдар, елімізді үлкен табыс болады", — деді Президент министрге.