Қазақстанды EPS-ке қосу: Оңтүстік Кореямен келіссөздер жүргізілді

411

Қазақстан Оңтүстік Кореяның Employment permit System жүйесіне ену мәселесін талқылады.  

Қазақстанды EPS-ке қосу: Оңтүстік Кореямен келіссөздер жүргізілді Фото: gov.kz

Бұл қазақстандықтарға Оңтүстік Кореяда заңды түрде жұмысқа орналасуға, сондай-ақ оларға тең еңбек жағдайлары мен құқықтарды қорғауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, деп жазады inbusiness.kz.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Көші-қон комитетінің төрағасы Асқарбек Ертаев Қазақстанды Оңтүстік Кореяның EPS жүйесіне қосу мәселесі бойынша Корея Республикасы Еңбек және жұмыспен қамту министрлігінің өкілдерімен онлайн форматта өткен кеңеске қатысты.

Асқарбек Ертаев Корей тарапына EPS орталығын құру, оның ішінде Оңтүстік Кореяда жұмысқа орналасқысы келетін азаматтарымызды кәсіптік және тілдік оқыту тұрғысынан дайындау, корей тіліндегі кәсіптік дағдылары мен білімдеріне қорытынды тестілеуді өткізу бойынша атқарылған жұмыстар туралы хабардар етті.

Сондай-ақ, кеңесте Корея Республикасындағы Қазақстан Республикасы азаматтарының және Қазақстан Республикасындағы Корея Республикасы азаматтарының еңбек қызметі мен құқықтарын қорғау туралы үкіметаралық келісім жасасу мәселесі қаралды.

Бұған дейін үкіметаралық келісімнің жобасын ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Корея Республикасы Үкіметінің қарауына жіберген болатын. Келісім жобасы Еңбек көші-қоны процесін құқықтық реттеуді және екі мемлекет арасында жұмыс күшін ауыстыру үшін қолайлы жағдайлар жасауды көздейді.

Өз кезегінде Корея Республикасы Еңбек және жұмыспен қамту министрлігінің шетелдік жұмыс күшімен жұмыс жөніндегі бөлімі директорының орынбасары Ким Кён Ын Қазақстанды Оңтүстік Кореяның EPS жүйесіне енгізу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы хабардар етті.

Келіссөздер әлі жалғасады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу