Германияның атынан өнер көрсетіп жүрген спортшы Эдуард Кексель аралас жекпе-жектен Еуропа чемпионатының (IMMAF) марапаттау рәсіміне Қазақстанның көк туымен көтерілді. Бұл туралы Prosports.kz хабарлады.
Кексель Қостанай облысында дүниеге келген, бірақ көп жылдар бойы Германияда өмір сүріп, халықаралық жарыстарда немістердің намысын қорғаған.
Эдуард Қазақстанға деген сағынышын көк туға құрмет көрсету арқылы сездіргісі келіпті. Бұл туралы ол: "Жарыста Қазақстан құрамасы да өнер көрсетті. Мен олармен жақынырақ араласуға тырыстым. Финалда жеңіске жеткенде Қазақстанға, қазақстандықтарға, қазақтардың көк байрағына құрмет көрсеткім келді. Марапаттау рәсіміне шығар кезде қазақ спортшыларынан көк туды сұрап алдым. Жеңіс тұғырына көк туды жамылып шықтым. Мен Отанымды сағындым", – деді Эдуард Кексель.