Қазақстандық 42 мектеп халықаралық зерттеуге қатысады

Жоба мұғалімдердің еңбек жағдайлары мен мектептердегі білім беру ортасын бағалайды. 

Қазақстандық 42 мектеп халықаралық зерттеуге қатысады Фото: yandex.kz

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің хабарлауынша,  2023 жылдың ақпан-наурыз айларында TALIS-2024 сабақ беру және оқытудың зерттеу жұмысы өтеді. Оған Қазақстанның   республикалық маңызы бар 3 қаласы мен  5 шағын өңірінен  800  мұғалім, 42 мектеп директоры қатысады. 

"Бұл мұғалімдердің еңбек жағдайы мен мектептердегі білім беру ортасын бағалайтын жалғыз ауқымды халықаралық зерттеу. Ондағы жинақталған мәліметтер педагог кадрларды даярлау, біліктілігін арттыру, мұғалімдерді ынталандыру. Сонымен қатар оқу бағдарламаларын әзірлеуде пайдаланылатын болады",- дейді Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету Комитетінің басқарма басшысы Динара Әбілқанова.

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) алты жыл сайын мұғалімдер мен мектеп директорлары арасында сауалнама арқылы зерттеу жүргізеді. Мұндай талдау еліміздегі педагогикалық корпустың сапасын және осал тұсын анықтауға және мұғалімдердің еңбек жағдайы мен мектептердегі білім беру ортасына тәуелсіз баға алуға мүмкіндік береді.

Естеріңізге салсақ, Қазақстан TALIS зерттеуіне алғаш рет 2018 жылы қатысты. Еліміздің барлық аймағынан 6 жарым мың мұғалім мен 331 мектеп директоры халықаралық деңгейде өз пікірлерін білдірді. 

Қазақстандық педагогтердің сенімді ғылыми-негізделген және халықаралық салыстырмалы деректері алынды. Ол "Педагог мәртебесі туралы" заңды әзірлеу кезінде ескерілді, сондай-ақ Білім және ғылымды дамытудың 2020–2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында көрініс тапты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу