Пәтер сертификаттарын Ғылым және жоғары білім министрінің м.а. Саясат Нұрбек салтанатты түрде табыстады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Аталған іс-шара Президенттің 2024 жылғы 31 мамырда Ғылым ордасында жас ғалымдармен кездесуінде берген тапсырмасын орындау мақсатында ұйымдастырылған. Оның негізгі мақсаты – жас ғалымдарды әлеуметтік қолдау, олардың әлеуметтік мәртебесін арттыру және ғылым саласына жас кадрларды тартуға жағдай жасау. Осы мақсатта Комиссия Астана және Алматы қалаларындағы ғылыми ұйымдар мен жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында еңбек ететін жас ғалымдар арасынан баспанамен қамтамасыз етуге үміткерлердің кезекті тізімін айқындады.

– Бүгінгі айтулы күні Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бес жас ғалымға пәтер сертификаттарын салтанатты түрде табыстап отырмыз. Бұл – мемлекет тарапынан ғылым саласында еңбек етіп жүрген жас зерттеушілерге көрсетіліп отырған нақты қолдаудың маңызды бір көрінісі. Сіздер бүгін тұрғын үйге өтеусіз негізде қол жеткізуге мүмкіндік беретін пәтер сертификаттарының иегері атанып отырсыздар. Осы қуанышты сәт баршаңызға құтты болсын! Президент жас ғалымдарды қолдауға, олардың ғылыми әлеуетін дамытуға және әлеуметтік жағдайын жақсартуға ерекше мән беріп келеді. Осы бағытта өтеусіз негізде берілетін пәтер сертификаттарымен қатар "Отбасы банкі" арқылы жүзеге асырылатын жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламалары да жас зерттеушілердің баспаналы болуына мүмкіндік береді. Мұндай іс-шаралар жас ғалымдарға әлеуметтік жағдайын жақсартып қана қоймай, ғылыми ізденістеріне алаңсыз көңіл бөліп, еліміздің ғылымы мен технологиясының дамуына үлес қосуына жағдай жасауға бағытталған, – деді С.Нұрбек.
Өз кезегінде С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің оқытушысы Кәдірбек Володя қуанышын білдіріп, жас ғалымдарды әлеуметтік қолдаудың және ғылыми қызметті ынталандырудың маңызды тетіктеріне тоқталды.
2023 жылдың 19 қазанында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен "Отбасы банк" АҚ арасында жас ғалымдарға 2023-2027 жылдарға арналған жеңілдетілген тұрғын үй несиесін беру бағдарламасы бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылған еді.
Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жүзеге асырылып жатқан бұл жұмыстар тұрғын үй мәселесін шешу арқылы жас зерттеушілерге ғылыммен тұрақты айналысуға, жаңа ғылыми жобаларды жүзеге асыруға және еліміздің ғылыми-технологиялық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.