Үздік бизнес-идеяға арналған "Coca-Cola белестері" жобасының жеңімпазы, қазақстандық әйелдер делегациясы, Бейжіңде өтетін ЕХРО-2019 халықаралық көрмесінің іс-шараларына қатысады. Сапар барысында 8-13 маусым аралығында әйелдер кәсіпкерлігін қолдау бағытында тәжірибе алмасу, табысты жобалар тұсаукесері, ауыл шаруашылығы мен жылыжай бизнесінде жұмыс істейтін ісін жаңа бастаған кәсіпкерлердің кәсіпорындарына бару жоспарланған.
EXPO-2019 көрмесіне қатысу- 2012 жылдан бастап Қазақстанда "Әлеуметтік динамика" және "Жасыл экономика және G-Globalды дамыту Коалициясы" үкіметтік емес ұйымдарының әйелдерді бизнес негіздеріне оқыту жобасын белсенді қолдайтын Coca-Cola компаниясының халықаралық қайырымдылық қорының арқасында жүзеге асып отыр. Сапарды ұйымдастырушы серіктестер Жібек жолының Халықаралық сауда палатасы (Қытай) мен "Expo&Women" халықаралық ұйымы.
ЕХРО-2019 халықаралық көрмесі "Жасыл өмір – Жақсы өмір" ұранымен Бейжіңде 2019 жылдың 28 сәуірі мен 7 қазаны аралығында өтеді. 162 күн ішінде оған 110 елдің өкілдері мен халықаралық ұйымдар қатысады. ЕХРО-2019 "Астана ЕХРО-2017" көрмесінің тақырыбын жалғастыра отырып адамзаттың "жасыл" дамуға ұмтылуының жаңашыл үлгісін насихаттайды. "Coca-Cola белестері" жобасы Coca-Cola қорының қолдауымен Қазақстанда өтіп жатқан әйелдер форумы аясында ЕХРО- 2017 белсенді қатысушысы болды.