Қазақстандық акробаттарды беларусь маманы жаттықтырады

1120

Бүгін Қазақстан ҰОК-тың штаб-пәтерінде фристайл-акробатикадан ұлттық құраманың жаңа кеңесші-жаттықтырушысы ресми түрде таныстырылды.

Қазақстандық акробаттарды беларусь маманы жаттықтырады

2014 жылғы Сочи Олимпиадасының чемпионы 35 жастағы беларусь маманы Антон Кушнир қазақстандық акробаттарды жаттықтыруға көмектеседі, деп хабарлайды Olympic.kz. 

Қазақстан ҰОК бас хатшысы Сәкен Мұсайбеков жаңа кеңесші-жаттықтырушыны таныстыра отырып, оның тәжірибесі мен спортшы ретіндегі табысты мансабы тек отандық спортшыларға ғана емес, сонымен бірге, қазақстандық жас бапкерлерге да пайдасын тигізеді деп атап өтті.

Антон Кушнирдің спорттық мансабында Олимпиада алтынынан басқа әлем кубогі де (2009/2010) бар. Сондай-ақ, ол әлем кубогінің (2007/2008) және әлем чемпионатының (2011) қола жүлдегері атанған.

Айта кетерлігі, ол Олимпиада ойындарында шаңғы акробатикасындағы ең қиын жаттығуды орындаған. Қиындығы 5,0 коэфицентті бес пируэтпен үш есе секіріп, 134,5 ұпайын еншілеген. Бұл нәтиже Олимпиадада бір секіруде жиналған ең жоғары ұпай болды.

"Шілде айында өзімнің спорттық мансабымды аяқтау туралы шешім қабылдадым. Спортшы ретінде мен спортқа 27 жылымды арнадым. Өз тәжірибемді спортшылармен бөлісіп, бапкерлер құрамына, жаттықтырушыларға  спортшыны дайындауға көмектесуге дайын екенімді  байқадым. Сондықтан мен Қазақстан құрамасының ұсынысын қабылдап, бірге жұмыс істеуге қуана келістім. Менің мұндағы басты міндетім, әрине, спортшылардың нәтижесін жақсарту, сонымен қатар, жаттықтырушыларға кеңесші ретінде көмектесу. Жұмыс барысында Геннадий Николаевич сынды білікті бапкерден менің де аларым көп деп ойлаймын. Қазақстан ҰОК-не сенім артқаны үшін үлкен алғыс білдіремін. Енді сенімді ақтау үшін барымды салатын боламын",– дейді Антон Кушнир.

Антон Кушнир Украинада дүниеге келген, алайда спортта Беларусь елінің намысын қорғап, туын желбіреткен. Төрт Олимпиадаға қатысқан ол бүгінде спортшы ретінде мансабын аяқтап отыр. Жаттықтырушы ретінде қызметін Қазақстан ұлттық құрамасынан бастайды.

Акробаттардың маусымы 21 желтоқсанда Қытайда өтетін әлем кубогінің бірінші кезеңінен басталады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу