Қазақстандық-америкалық іскерлік кеңес құрылды

659

Кеңес төрағасының қызметін Chevron компаниясы атқарады.

Қазақстандық-америкалық іскерлік кеңес құрылды

АҚШ-тың Сауда палатасы Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мақсатында қазақстандық-америкалдық Іскерлік кеңесі (USKZBC) өз жұмысын бастағаны жайлы ресми түрде жариялады, деп хабарлады СІМ баспасөз қызметі.

Іскерлік кеңестің басты миссиясы – АҚШ Сауда палатасының кеңейтілген платформасы арқылы екі ел арасындағы экономикалық байланысты одан әрі тереңдету. Кеңес төрағасының қызметін ірі инвесторлардың бірі – Chevron компаниясы атқарады. Кеңестің хатшылығы вице-президент Хуш Чоксидің жалпы басшылығымен АҚШ Сауда палатасының арнайы аумақтық департаментінде орналасады.

Сауда палатасының хабарламасында Қазақстан мен АҚШ арасындағы тауар айналымы жылына шамамен 2 миллиард АҚШ долларын құрайтыны және ауыл шаруашылығы, энергетика, тау-кен өндірісі және инфрақұрылым секілді салаларда өзара сауданың одан әрі өсуіне үлкен мүмкіндіктер бар екендігі айтылған. Қазіргі уақытта Қазақстанда 700-ден астам америкалық компания жұмыс істейді.

АҚШ Сауда палатасының вице-президенті Майрон Бриллиант атап өткендей, екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанының 30 жылдығы қарсаңында ұйым екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға белсенді қатысуға ниетті.

"Қазақстандық-америкалық Іскерлік кеңестің АҚШ Сауда палатасы құрамына кіруі бизнес қауымдастықты осы маңызды және стратегиялық қарым-қатынасты дамыту үшін қажетті құралдармен қамтамасыз етеді", - деді Еуразия-Тынық мұхиты өңірі бойынша Chevron компаниясының президенті Найджел Хирн.

Қазақстанның АҚШ-тағы Елшісі Ержан Қазыханов: "Біз АҚШ Сауда палатасында қазақстандық-америкалық Іскерлік кеңестің ашылуын Қазақстан мен АҚШ арасындағы сауда-экономикалық серіктестікті кеңейтуге қуатты серпін беретін және екі елде жаңа жұмыс орындары мен мүмкіндіктердің пайда болуына ықпал ететін тарихи оқиға деп бағалаймыз. Орталық Азиядағы жетекші экономика ретінде Қазақстан АҚШ-тың сенімді серіктесі болып қала береді және америкалық компаниялармен өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын".

АҚШ Сауда палатасы 3,5 миллионға жуық америкалық компаниялардың, 3 мың аймақтық палаталардың мүдделерін біріктіреді және шетелде 90-нан астам өкілдігі бар әлемдегі ең ірі іскерлік ұйым.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу