Қазақстандық әскери оркестр Қызыл алаңда өнер көрсетті

656

Биыл XVII мәрте өткен бұл фестиваль Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналды.  

Қазақстандық әскери оркестр Қызыл алаңда өнер көрсетті Фото: ҚР Қорғаныс министрлігі

Қызыл алаңда қазақстандық әскери-музыкалық ұжым көрермендерді өнерімен тәнті қылды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

ҚР Қарулы күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығының құрамындағы шығармашылық ұжым – Орталық әскери оркестрдің музыканттары мен орталық ансамбльдің әртістері көрерменге ерекше әсер қалдырды. Қазақтың танымал шығармаларының әуенімен Қорғаныс министрлігінің құрмет қарауыл ротасы саптық дефиле көрсетті.

Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың туғанына 100 жыл толуына орай халықаралық байқаулардың лауреаты, "Жас сарбаз" шығармашылық студиясының тәрбиеленушісі Жасмина Түзелова "Әлия" әнін орындап, жұртты тебірентті.

Қазақстандық топтың өнеріне ерекше серпін мен шапшаңдық сыйлаған барабаншылар тобының шоуы болды. Мәскеудегі Қызыл алаңда өнер көрсету биыл 30 жылдығын атап өтіп отырған Орталық әскери оркестр үшін жылдың маңызды оқиғаларының бірі болды. Музыканттар әскери рух пен ұлттық бояуды үйлесімді жеткізе білді.

Дәстүрлі музыкалық аспаптармен қатар, шаңқобыз бен сазсырнайдың да үні естілді.

– Біз бұған мұқият дайындалдық. Басты мақсатымыз – патриоттық рухты, тарихи жадымызды жеткізіп, ұлттық болмысымызды айқындау болды. Бағдарламаға майдангер-композитор Нұрғиса Тілендиевтің "Туған ел", "Саржайлау", "Өз елім" сияқты халық рухының символына айналған туындылары енді, – деді бас әскери дирижер подполковник Алмас Ибрагимов.

"Спасск мұнарасы – 2025" фестиваліне Ресей, Азия, Еуропа және Африка елдерінен 25 шығармашылық ұжым жиналды.

Қазақстандық ансамбльдің өнері мәдени дипломатияны дамытуға, әскери-патриоттық байланысты нығайтуға және қазақ музыка дәстүрін әлемдік деңгейде насихаттауға қосылған елеулі үлес болды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу