Сайыс үшінші тамызда басталады. Жарыс өтетін жерге теңізшілер "Сарыарқа" зымыран-артиллериялық кораблімен келеді. "Орал" кораблі резервтегі кеме ретінде белгіленіп отыр.
Әскери теңізшілер жүзбелі минаны, теңіз және әуе нысаналарын артиллерия оғымен атып, жарысады. Олар кеменің тіршілік үшін күресін, құтқару құралдарымен жұмыс істеу дағдыларын және теңіз машығын көрсетеді. Алты жарыстың тәртібі гидрометеорологиялық жағдайларға байланысты құрылады.
Қазір қатысушылар әуе және су үсті нысаналарын имитациялайтын нысаналарға оқ атып, тәжірибе жинауда. Жүзушілер қашықтыққа жүзуді орындап, құтқару құралдарын пайдалану техникасын пысықтайды. Кеменің мықтылығын сынау үшін апаттық жағдайдағы нұсқасы әзірленіп жатыр. Оның құрамында бес адам болады. Сабақтар бассейнде, пирстерде және теңізде өтеді.
– Авариялық құтқару құрал-саймандарының көмегімен кеменің мықтылығын көрсету үшін команда әртүрлі көлемдегі тесіктерді бітеуі тиіс. Бұл тапсырманы Әскери-теңіз базасының оқу-жаттығу кешенінде пысықтаймыз. Су жүйелі түрде он секунд сайын тесіктерден жіберіледі. Оған кірісу команда капитанының кеме зақымданды деген баяндамасынан кейін жеті минут ішінде орындалуы тиіс, – деді команда капитаны 3-сыныпты старшина Жамбыл Бадбаев.
Өткен жылы Иранда өткен конкурста теңізшілеріміз сайыстың осы кезеңінде бірінші орынға ие болды.
Жалпы Халықаралық армия ойындарында қазақстандықтар жеті сайысқа қатысады. Ресейде – "Танк биатлоны" мен "Эльбрус шеңбері, Әзербайжанда – "Теңіз кубогі", Арменияда – "Бейбітшілік жауынгері" өтеді деп жоспарлануда.
Қалған үш сайыс еліміздің әскери полигондарында өтеді. Атап айтсақ, Гвардейскіде – "Артиллериядан оқ ату шеберлері" минаатқыш есептоптарының жарысы, Бурабай таулы аймағындағы әскери колледждің базасында – "Меридиан" әскери-топографиялық қызмет мамандарының жарысы, Спасск полигонында – "Тактикалық мерген" әскери-спорттық жарыстар кешені өтеді.