БАӘ-де өткен халықаралық Gulfood 2026 азық-түлік көрмесінде "Азық-түлік корпорациясы" ұлттық компаниясы" өкілдері қазақстандық астық саласының экспорттық әлеуетін таныстырған еді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Отандық компаниялардың көрмеге қатысуы Ауыл шаруашылығы министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылып отыр. Министр Айдарбек Сапаровтың төрағалығымен өткен дөңгелек үстелде Қазақстаннан Парсы шығанағы елдеріне өсімдік шаруашылығы өнімдерін жеткізуді дамыту келешегі талқыланған. Келіссөздер қорытындысында AfaqAl Waha, North Wind Trading Services SPC және Nexgen Trading LLC компанияларымен ынтымақтастық туралы уағдаластыққа қол жеткізді.
– Азық-түлік корпорациясы жасанды интеллект технологияларына негізделген азық-түлік және агросаудаға арналған цифрлық платформаны әзірлеуші Almukarramah компаниясымен стратегиялық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Аталған платформа агротехнологияларды, фудтехті, финтехті және логистиканы біртұтас экожүйеге біріктіріп, фермерлерді, сатып алушылар мен сатушыларды, төлем сервистерін, логистикалық операторлар мен мемлекеттік органдарды өзара байланыстырады.
Ұлттық астық операторы T57 цифрлық платформасының корпоративтік жазылушысы болады деп күтілуде. Бұл сауда ағындары туралы деректерге және нарықтық талдауға қол жеткізуге, сондай-ақ тексерілген контрагенттермен өзара іс-қимылды жолға қоюға мүмкіндік береді, – деп жазылған ресми сайттағы хабарламада.
"Азық-түлік корпорациясы" ұлттық компаниясы" Басқарма төрағасы Асылхан Джувашевтің сөзінше, Таяу Шығыс елдері қазақстандық азық-түлік өнімдеріне тұрақты қызығушылық танытып отыр.
– Біз сапалы қазақстандық астыққа деген сұраныстың жоғары екенін және Парсы шығанағы елдерінің жеткізу көздерін әртараптандыруға ұмтылысын көріп отырмыз. Экономикалық тұрғыдан тиімді жеткізілімді қамтамасыз ету үшін логистика мен экспорттық бағыттарды жан-жақты пысықтау қажет. Әлеуетті серіктестер тарапынан қызығушылық зор, – деп атап өтті Асылхан Джувашев.
Almukarramah компаниясының өкілдері Қазақстанның ұлттық астық операторының платформаға қосылуы Орталық Азиядағы экожүйені кеңейтуге және жаһандық азық-түлік саудасының бірыңғай арнасын қалыптастыруға ықпал ететінін жеткізді. Ал Азық-түлік корпорациясы T57 платформасымен ынтымақтастықты отандық агроөнімді халықаралық сауда тізбектеріне кіріктірудің перспективалы бағыты ретінде қарастырады.