Қазақстандық балалар күрделі тамыр ауруларын шетелге бармай-ақ емдей алады

255

Соңғы бес жылдың ішінде 90 бала ем алу үшін шетелге жіберілген.

Қазақстандық балалар күрделі тамыр ауруларын шетелге бармай-ақ емдей алады Фото: ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Telegram

Қазақстанда күрделі тамырлық мальформациялары бар балаларды емдеудің жаңа жоғары технологиялық әдісі енгізілуде. Бұған дейін мұндай ем алу үшін кішкентай пациенттер шетелге жіберілсе, енді қажетті медициналық көмек елімізде көрсетіледі, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Тамырлық мальформациялар – қан тамырларының туа біткен даму аномалиялары. Күрделі жағдайларда оларды емдеу үшін арнайы жоғары технологиялық әдістер қажет.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда жыл сайын осы диагнозбен 1,2 мыңнан астам бала стационарлық ем қабылдайды. Соңғы бес жылда 90 бала ем алу үшін шетелге жіберілген.

Жаңа технология Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында енгізіліп жатыр. Алғашқы кезеңде мұнда жыл сайын шамамен 50 балаға жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету жоспарланған.

24–25 қарашада орталықта неміс профессоры Вольгемуттың қатысуымен мастер-кластар өтуде. Қазақстандық дәрігерлер шетелдік маманның көмегімен жаңа әдісті меңгеріп, оны өз бетінше қолдануға қажетті тәжірибе жинақтап жатыр. Екі күндік мастер-класс аясында күрделі тамырлық мальформациялары бар сегіз балаға операция жасалды.

Айта кетейік, Қазақстан бұл технологияны енгізген әлемдегі екінші ел болмақ. Бұл отандық медицинаның мүмкіндігін кеңейтіп қана қоймай, медициналық туризмді дамытуға да жол ашады. Болашақта еліміз күрделі тамырлық патологиялары бар шетелдік балаларды да емдей алады.

Жобаны жүзеге асыруға қажетті медициналық жабдықтар AYALA және "Бірінші болуға батылдық" қайырымдылық қорларының қолдауымен сатып алынған.Денсаулық сақтау министрлігі балалар денсаулығын сақтау саласын дамытуға және балалардың денсаулығын нығайтуға бағытталған жобаларды қолдауға қосқан үлесі үшін қорларға алғыс білдіреді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу