Қазақстандық балуандар Олимпиаданың соңғы жолдамасын сарапқа салады

1116

Бүгін, 6 мамыр күні Болгарияның София қаласында күрес түрлерінен Олимпиада ойындарына соңғы іріктеу турнирі басталады.

Қазақстандық балуандар Олимпиаданың соңғы жолдамасын сарапқа салады

Жарыстың финалына шыққан балуандар Токио Олимпиадасының лицензиясына иелік етеді, деп хабарлайды inbusiness.kz ҰОК сайтына сілтеме жасап.

Сондай-ақ, Қазақстан құрамасынан жеті спортшы төртжылдықтың басты додасының жолдамасы үшін белдеседі. 

Іріктеу турнирінің алғашқы күнінде 57-65-74-86-97-125 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі еркін күрес шеберлері өзара бақ сынайды. Қазақстан сапынан 68 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Азамат Дәулетбеков кілемге шығады. Оның алғашқы қарсыласы венециялық Фуентес Кебаллос болмақ. 

Еркін күрес бойынша іріктеу кезеңі бүгін, 6 мамыр күні елорда уақытымен сағат 13:00-де басталса, 22:00-де жартылай финалдық белдесулер болады. Ал жарыстың финалы 7 мамыр күні сағат 19:45-ке белгіленген. 

7 мамыр күні әйелдер күресінен 50-53-57-62-68-76 келі салмақ дәрежесіне дейінгі бұрымды балуандар бозкілемде белдеседі. Сондай-ақ, 57-65-74-86-97-125 келіге дейінгі салмақ дәрежелері бойынша еркін күрес шеберлері арасында жұбаныш белдесулері белгіленген. 

Жарыстың іріктеу кезеңі Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 13:00-де, ал еркін күрестен финал 19:45-те және әйелдер күресінен жартылай финалдық белдесулер 22:00-де өтеді. 

Қазақстан құрамасынан үш балуан жолдаманы сарапқа салады. 

  • 57 келі: Алтынай Сатылған/Джоанна Лингборд (Швеция)
  • 62 келі: Айна Теміртасова/Александра Вольчинская (Польша)
  • 68 келі: Жамиля Бақбергенова/Анастасия Зимянкова (Болгария)

Жарыстың үшінші күнінде, яғни 8 мамыр 60-67-77-87-97-130 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде грек-рим күресінен балуандар бәсекесі басталады. Сонымен қатар, әйелдер күресінен жұбаныш белдесулері өтеді.  Әдеттегідей, жарыстың іріктеу кезеңі 13:00-ге, әйелдер күресінен финалдық кездесулер 19:45-ке жіне грек-рим күресінен жартылай финал 22:00-ге белгіленген.  Бұл күні қазақстандық үш грек-рим балуаны құрамаға жетпейтін үш жолдама үшін жанын салады.  Атап айтқанда 67 келіге дейінгі салмақта команда лидері Алмат Кебіспаев, 97 келіде Олжас Сырлыбай мен 130 келі салмақ дәрежесіндегі Әлімхан Сыздықов соңғы мүмкіндіктерін пайдаланады. 

  • 67 келі: Алмат Кебіспаев/Энтони Хавьер Паленсия Пунтес (Венеция)
  • 97 келі: Олжас Сырлыбай/Юта Нара (Жапония)
  • 130 келі: Әлімхан Сыздықов/Алин Алекук Чурарю (Румыня)

Айта кетерлігі, грек-рим күресінен жұбаныш белдесулері 9 мамыр күні сағат 19:00-де, ал финалды кезең Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 21:00-де басталады. 

Күрес түрлерінен жолдама спортшыға емес, құрама командаға беріледі. Бүгінде Қазақстан қоржынында грек-рим, еркін және әйелдер күресінен барлығы 11 жолдама бар. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу