Қазақстан банктеріндегі жеке депозиттер саны ақпан айында 0,4%-ға, ұжымдық депозиттер - 3,1%-ға азайды, деп хабарлайды sputniknews.kz FinProm.kz порталы берген ақпаратқа сілтеме жасап.
ҚР екінші деңгейлі банктеріндегі салымдардың жалпы көлемі 2018 жылдың ақпан айының соңында 16,5 триллион теңгені құрады – бұл биыл қаңтар айындағы көрсеткіштен 1,8%-ға кем. Алайда бір жыл ішіндегі көрсеткіш айтарлықтай өзгерген жоқ.
Салымдардың жалпы көлемі былтырғы деңгейде қалса да, құрылымында бірқатар өзгеріс бар.
Ұжымдық салымдардың үлесі бір жыл ішінде 53,9%-дан 50,7%-ға дейін төмендеді, яғни 530,1 миллиард теңгеге қысқарып, 8,4 триллион теңгені құраса, жеке салымдар үлесі 46,1%-дан 49,3%-ға артып, 8,1 триллион теңге болды.
Салым көлемінің ұлғаюы бойынша көш бастап тұрған – Сбербанкте 175,7 миллиард теңгеге өсім байқалады. Бұл банк ұжымдық және жеке депозиттердің өсімі бойынша екінші деңгейлі банктер ішінде үздік бестікке кіреді. Одан кейінгі орында Kaspi банкі – өсім көлемі 170,8 миллиард теңге және ForteBank-тегі өсім көлемі - 152 миллиард теңге.
Әрі қарай үздіктер тізімінде салым мөлшері 120,8 миллиард теңгеге артқан Qazkom және 113 миллиард теңге өсіммен Тұрғын үй жинақ банкі тұр.