Қазақстандық белгілі ғалым мемлекетке сатқындық жасағаны үшін ұсталды

1104

Биыл 63-ке толатын Константин Сыроежкинге 10-нан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы ықтимал. 

Қазақстандық белгілі ғалым мемлекетке сатқындық жасағаны үшін ұсталды

Қазақстандық ғалым, қытайтанушы Константин Сыроежкиннің тұтқында отырғанын ұлттық қауіпсіздік комитеті растады, деп хабарлайды inbusiness.kz.

"2019 жылғы 15 қаңтарда Қазақстан азаматы, 1956 жылы туған Сыроежкин Константин Львовичке қатысты Қылмыстық кодекстің 175-бабының 1-тармағы (Мемлекетке сатқындық жасау) бойынша қылмыстық іс қозғалды", – делінген ҰҚК-ның ақпарат агенттіктеріне жолдаған жауабында.

Осы бап бойынша биылғы 19 маусымда 63-ке толатын ғалымға 10-нан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы ықтимал. Бұл бап бойынша айыпты адамдар қазақстандық азаматтықтан айырылулары да мүмкін.

"19 ақпанда Алматы тергеу соты оған қатысты "тұтқындау" бұлтартпау шарасын белгіледі. Қазіргі уақытта тергеу жұмыстары жүргізілуде", – делінген хабарламада.

ҰҚК қалған мәліметті әзірге БАҚ-қа жарияламауға ұйғарыпты.

Қытайтанушы Константин Сыроежкин 2006 жылдан бері Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының аға ғылыми қызметкері болып жұмыс жасаған.

ҚСЗИ сайтында оның 1981 жылы Ф.Э. Дзержинский атындағы КГБ жоғарғы мектебін бітіргені айтылған. 1987 жылы кандидаттық диссертациясын да, 1995 жылы докторлық диссертациясын да Қытай тақырыбы бойынша қорғапты.

Бірақ мемлекетке қандай жолмен опасыздық жасағаны әзірге хабарланбай отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу