Бүгін Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті олимпиадалық және олимпиадалық емес спорт түрлерінен ұлттық федерацияларға тану сертификатын табыс етті, деп жазады Olympic.kz.
Нұр-Сұлтандағы Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің штаб-пәтерінде Қазақстан Республикасы Ұлттық шаңғы қауымдастығы, Қазақстан шайбалы хоккей федерациясы, Қазақстан керлинг федерациясы, Қазақстан Республикасы спорттық билер қауымдастығы ("брейкинг" спорты бойынша), сондай-ақ, Қазақстандағы спорттық эквилибр федерациясы ("ауадағы шығыршық" түрі бойынша) сертификат иеленді.
Спорттық федерацияларды тану туралы сертификат аталған спорт түрлерінің Қазақстанда заңды түрде жұмыс істейтінін көрсететін негізгі құжат болмақ.
Отандық спортты дамыту жолындағы Ұлттық Олимпиадалық комитет пен қазақстандық спорттық федерациялардың жұмысы одан әрі жалғасады.
Федерацияның Ұлттық Олимпиадалық комитет тарапынан танылуы – "Дене шынықтыру және спорт туралы" Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінде салалық аккредитациялаудан өту процедурасының бір шарты. Федерацияға спорт түрін Қазақстан Республикасы аумағында дамыту құзыреттілігі беріледі.
Осыған дейін ҚР ҰОК тарапынан тану сертификаты олимпиадалық және олимпиадалық емес спорт түрлері бойынша 83 ұлттық спорттық федерацияға табыс етілген.