Қазақстандық бидай экспортының құны 1,6 млрд долларға жетті

278

Бүгін Дүниежүзілік нан күні атап өтіліп жатыр.

Қазақстандық бидай экспортының құны 1,6 млрд долларға жетті Фото: ЖИ

Бұл мереке адамзаттың негізгі азық-түлік өнімдерінің бірі саналатын нанның маңызын және оның азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөлін айшықтайды. Астық өндіру әлеуеті жоғары Қазақстан үшін нан өндірісі агроөнеркәсіптік кешеннің маңызды салаларының бірі саналады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ол астық өсіруден бастап ұн тарту және дайын өнім өндіруге дейінгі өзара байланысты өндірістік үдерістерді біріктіреді.

Қазақстанда жыл сайын орта есеппен 18 млн тоннаға жуық астық өндіріледі. Бұл ішкі нарықтың қажеттілігін толық қамтамасыз етіп, астықты экспорттауға мүмкіндік береді. Елде астықты ішкі тұтыну мен өңдеу көлемі 9,5 млн тоннаны құрайды. Қазақстандық бидай шетелдік нарықтарда да сұранысқа ие. Бүгінде отандық бидай 29 елге экспортталады. Экспорттық жеткізілімдердің құны 1,6 млрд АҚШ долларына жетеді.

Қазақстандық бидайдың негізгі импорттаушыларының қатарында Өзбекстан бар. Бұл елге жалпы экспорт көлемінің 51%-ы немесе 4,2 млн тоннасы тиесілі. Тәжікстанның үлесі – 16% (1,3 млн тонна), Әзербайжанның үлесі – 8% (652 мың тонна), Ауғанстанның үлесі – 6% (496,3 мың тонна), ал Италияның үлесі 5%-ды (418,7 мың тонна) құрайды. Қазақстан астығын сатып алатын өзге де сауда серіктестерінің қатарында Алжир мен Қырғызстан бар.

Астық өндірісінің дамуы отандық ұн тарту және нан пісіру кәсіпорындарының тұрақты жұмыс істеуіне негіз қалайды. Қазақстанда ұн өндіру көлемі ішкі тұтыну көлемінен екі есе жоғары. Бұл нан пісіру саласын отандық шикізатпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

2026 жылғы қаңтар-тамыз айларында елімізде 325,5 мың тонна нан өндірілді. Қолданыстағы нан пісіру кәсіпорындарының өндірістік қуаты 502 мың тонна, ал олардың қуат жүктемесінің деңгейі 35,5%-ға тең. Кәсіпорындар тұтынушылық сұранысты ескере отырып, өнім түрлерін көбейту бағытында жұмыс жүргізуде. Атап айтқанда, қысқа және ұзақ мерзім сақталатын нан-тоқаш өнімдері мен ұннан жасалатын кондитерлік өнімдер шығарылады.

Өңдеу өнеркәсібін одан әрі дамыту мақсатында мемлекет тарапынан бірқатар қолдау шаралары қарастырылған. Атап айтқанда, еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында жылына 2 мың тоннадан бастап нан-тоқаш және кондитерлік өнімдер өндіретін өндіріс орындарын кеңейтетін агроөнеркәсіптік кешен субъектілеріне инвестициялық салымдардың 25%-ын өтеу көзделген.

Ұн өндірушілерге арналған салықтық жеңілдіктер де бар. Қазақстан Салық кодексінің 490-бабына сәйкес қосылған құн салығының (ҚҚС) мөлшерлемесін 80%-ға төмендету қарастырылған.

Дүниежүзілік нан күні 2006 жылы Халықаралық наубайшылар мен кондитерлер одағының бастамасымен бекітілген. Бұл күн Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) құрылған күнімен де тұспа-тұс келеді. ФАО 1945 жылғы 16 қазанда құрылған және ауыл шаруашылығы, тамақтану мен азық-түлік қауіпсіздігі салаларындағы жаһандық мәселелерді шешуге бағытталған жұмыстар жүргізеді.

Дүниежүзілік нан күні – ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің, диірменшілердің және наубайшылардың еңбегін бағалап, астықтың алқаптан тұтынушы дастарханына дейінгі жолындағы әрбір кезеңнің маңызын атап өтетін күн. Отандық өндірісті дамыту, өңдеу кәсіпорындарының үлесін арттыру және бизнесті қолдау Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігін нығайтудың маңызды алғышарттары болып қала береді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу