28 қыркүйекте Қазақстан-Британ техникалық университетінде KAZENERGY қауымдастығының бас директоры Кенжебек Ибрашевтің қазақстандық БАҚ-пен кездесуі өтті, деп жазды inbusiness.kz.
Жиында 29 қыркүйек пен 2 қазан аралығында өтетін Дүниежүзілік мұнай кеңесінің VII жастар форумының бағдарламасы ұсынылды. Халықаралық шараға әлемнің 37 елінен 700-ден астам делегат қатысады. Форум мемлекеттік органдардың – ҚР салалық министрліктерінің және басқа да елдердің өкілдерінің, халықаралық сарапшылардың, ірі мұнай-газ өндіруші компаниялар басшыларының қатысуымен 20-дан астам іс-шараны қамтиды.
Кездесу барысында бірқатар БАҚ-қа Дүниежүзілік мұнай кеңесі пулына аккредиттеуден өткені туралы дипломдар табыс етілді.
Оның ішінде:
- "MEDIA HOLDING "ATAMEKEN BUSINESS" ЖШС;
- "Petroleum" журналы;
- "Oil&Gas Kazakhstan" журналы;
- "The Astana Times" халықаралық виртуалды басылымы;
- "Деловой Казахстан" АА бар.
Журналистерге арнаған сөзінде Ибрашев Қазақстандық Ұлттық комитет алғаш рет Дүниежүзілік мұнай кеңесінде БАҚ-ты аккредиттеу мүмкіндігіне бастамашы болғанын, бұл оларға ДМК басты оқиғаларын, сондай-ақ бүкіл әлем бойынша мұнай кеңесі ұйымдастырған іс-шараларға қатысып, ақпарат таратуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Ол аккредиттелген БАҚ ДМК жаһандық алаңында айтылған энергетикалық тақырып бойынша прогрессивті идеялар мен өзекті пікірталастарды кеңінен жариялайтынына сенім білдірді.
Сондай-ақ Дүниежүзілік мұнай кеңесі Қазақстан ұлттық комитеті мен Қазақстан-Британ техникалық университетінің өкілдері Алматы қаласындағы №1 облыстық балалар үйінде болып, балаларға қажетті қысқы киім мен басқа да сыйлықтар сыйлады.
Еске сала кетсек, Дүниежүзілік мұнай кеңесі – әлемдік энергетикалық ресурстарды өндіру және пайдалану бойынша диалогты ілгерілетуді мақсат еткен 60-қа жуық мемлекетті біріктіретін коммерциялық емес ұйым.
Жастар форумын өткізу құқығы Қазақстанға 2021 жылғы желтоқсанда Хьюстон қаласында өткен Дүниежүзілік мұнай конгресінде берілді. Бұған дейін жастар форумы Пекин, Париж, Нью-Дели, Калгари, Рио-де-Жанейро, Санкт-Петербургте өткен болатын.