БҰҰ-ның Ливандағы Уақытша күштері (UNIFIL) базасында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын көтеру рәсімі өтіп, қазақстандық контингенттің ресми қызметі басталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Салтанатты шараға үнді батальонының командирі полковник Прасун Сингх, әскери қызметшілер, сондай-ақ қазақстандық бітімгерлер контингентінің командирі аға лейтенант Талғат Исмайылов пен ұлттық құрам мүшелері қатысты.
Рәсім барысында полковник Прасун Сингх база аумағында Қазақстанның Мемлекеттік туын көтерді. Қазақстан, Үндістан және БҰҰ әнұрандары орындалғаннан кейін үнді батальонының командирі қазақстандық бітімгерлерді құттықтап, оларға қызметтерінде сәттілік тіледі. Сонымен қатар, ұлттық контингент командиріне UNIFIL миссиясының естелік белгісі табысталды.
Мемлекеттік туды көтеру рәсімі – БҰҰ миссияларындағы дәстүрлі шаралардың бірі. Ол ұлттық контингенттің база аумағында ресми түрде жұмысын бастағанын және халықаралық міндеттерді орындауға дайын екенін білдіреді.
Қазақстаннан 11 бітімгер Ливандағы UNIFIL миссиясы құрамында қызмет атқаруға жіберілді. Олар алты ай бойы бейбітшілікті қолдау бағытындағы міндеттерін орындайды.