Қазақстандық бітімгерлер Ливаннан оралды

282

Алты ай ішінде кейбір әскери қызметшілеріміздің отбасында сәбилер дүниеге келді.

Қазақстандық бітімгерлер Ливаннан оралды Фото: Қорғаныс министрлігі

ҚР Қарулы күштерінің тоғызыншы бітімгерлік контингенті "БҰҰ-ның Ливандағы уақытша күштеріндегі" (БҰҰЛУК) миссиясын аяқтады, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Әскери қызметшілер алты ай ішінде "Шығыс" секторында Үнді бітімгерлік батальонының құрамында тапсырмаларды орындады. Жауапкершілік аймақтарында жаяу, мобильді және әуе патрульдерін жүргізіп, тосқауыл бекеттерінің жұмысын ұйымдастырды, бітімгерлік базасын күзетіп, бейбіт келісімдердің сақталуын қамтамасыз етті.

Бітімгерлерді ҚР Қорғаныс министрлігі Бітімгерлік операциялар орталығы бастығының орынбасары – штаб бастығы полковник Бақытжан Жетпісов бастаған әскери қызметшілер, сондай-ақ туыстары мен жақындары қарсы алды.

"Өңірдегі қиын жағдайға қарамастан, бөлімшенің әскери қызметшілері жүктелген міндеттерді лайықты орындап шықты. Біз үйге жақсы көңіл-күймен оралдық. Алты ай ішінде кейбір әскери қызметшілеріміздің отбасында сәбилер дүниеге келді", – дейді бітімгерлік бөлімшесінің командирі капитан Фархат Ақбалиев.

Жақында Ливан Республикасынан келген бітімгерлердің орнына ҚР Қарулы күштерінің оныншы бітімгерлік контингенті аттанды. Естеріңізге сала кетейік, БҰҰЛУК миссиясына қазақстандықтар 2018 жылдың қазан айынан бастап қатысып келеді. Осы уақыт ішінде 500-ден астам әскери қызметші Ливанда қызмет етіп, қажетті тәжірибе жинай алды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу