Бүгін Қазақстанда алғаш рет ресми түрде атап өтіліп отырған Бітімгер күні, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұл мереке БҰҰ-ның Халықаралық бітімгерлер күнімен қатар келіп отыр.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, 2014 жылдан бері 900-ден астам қазақстандық әскери қызметші БҰҰ-ның түрлі бітімгерлік миссияларына қатысқан. Қазіргі таңда 154 қазақстандық әскери қызметші Таяу Шығыс пен Африка құрлығындағы БҰҰ-ның 11 миссиясының 7-уіне қатысуда.
Қазақстандық бітімгерлер Батыс Сахара, Орталық Африка Республикасы, Конго Демократиялық Республикасы, Ливан және Оңтүстік Судан аумақтарында әскери бақылаушы және штаб офицері ретінде міндеттерін орындап жүр.
2024 жылдан бастап ұлттық контингент Голан жоталарындағы БҰҰ миссиясына қатысуда. Миссия алдында әскери қызметшілер халықаралық стандарттарға сәйкес арнайы дайындықтан өтіп, қажетті техникамен және жабдықтармен қамтамасыз етілді.
Қазақстан БҰҰ-дан бітімгерлік миссияға қатысу үшін дербес мандат алған посткеңестік кеңістіктегі алғашқы әрі жалғыз мемлекет саналады. Қорғаныс министрлігі бұл бағыттағы жұмысты жалғастырып, қазақстандық бітімгерлердің халықаралық миссияларға қатысу аясын кеңейтуді көздеп отыр.