Қазақстандық дәрігерлер Қырғызстанда құрсақтағы екі балаға күрделі емшара жасады

359

Емшара Бішкектегі Ана мен бала денсаулығын сақтау ұлттық орталығында жүргізілді.  

Қазақстандық дәрігерлер Қырғызстанда құрсақтағы екі балаға күрделі емшара жасады Фото: ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Telegram

Қазақстандық мамандар Қазақстан медицинасы күндері аясында Бішкек қаласындағы Ана мен бала денсаулығын сақтау ұлттық орталығында екі күрделі жатырішілік емшара жүргізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Астанадағы UMC Ана мен бала орталығының "Ұрық медицинасы" бағдарламасының жетекшісі, акушер-гинеколог Гүлмира Мағзұмованың жетекшілігімен дәрігерлер әлі дүниеге келмеген екі балаға жатырішілік қан құю емшарасын жасады.

Бұл әдіс ұрықтың ауыр анемиясы кезінде қолданылады. Мұндай жағдай ана мен ұрық арасындағы резус-қайшылық салдарынан туындауы мүмкін. Бұл кезде ана ағзасында түзілген антиденелер ұрықтың эритроциттеріне әсер етеді. Заманауи технологиялардың арқасында қажетті медициналық көмекті жүктілік кезінде көрсетуге мүмкіндік бар.

"Біз үшін Қазақстанда заманауи технологияларды қолдану ғана емес, жинақталған клиникалық тәжірибемізбен әріптестерімізбен бөлісу де маңызды. Мұндай бірлескен шеберлік сабақтары елдеріміз арасындағы кәсіби байланысты нығайтып, ана мен баланың денсаулығы үшін мамандардың практикалық білім алмасуына мүмкіндік береді", – деді Гүлмира Мағзұмова.

Сапар барысында қазақстандық дәрігерлер қырғызстандық акушер-гинекологтармен тәжірибе алмасып, практикалық шеберлік сабақтарын өткізді. Сонымен қатар мамандар консультациялар жүргізіп, пациенттерді қабылдауда.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу