Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев бастаған делегация Ереван "TUMO" креативті технологиялар орталығында болды, деп хабарлайды primeminister.kz.
Орталықта 12-18 жас аралығындағы балалар заманауи технологияларды қолдана отырып, АT-саласындағы жұмыстарға оқытылады. Оқыту төрт бағытта ұйымдастырылған: анимация, ойындар әзірлеу, веб-әзірлеу және цифрлық бұқаралық ақпарат құралдары, мұнда би, спорт және музыкамен айналысуға көңіл бөлінеді. 2016 жылы "TUMO" француздық "We demain" журналы құрастырған әлемдегі инновациялық мектептер рейтингінде бірінші орын алды. Орталықтың бөлімшелері Парижде, Мәскеуде, Бейрутте және басқа қалаларда жұмыс істейді.
Сонымен қатар, вице-премьер "Армения балалары" (COAF) қайырымдылық қорының жұмыс тәжірибесімен танысты. COAF негізінен балалармен және жастармен жұмыс жасай отырып, ауылдағы кедейлік проблемаларын жан-жақты шешу үшін білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламаларын жүзеге асырады.
Ереван мемлекеттік университетін аралау барысында Бердібек Сапарбаев Қазақ тілі, мәдениеті және тарихы орталығында болды. Мұнда вице-премьер қазақ халқының мәдениеті мен салт-дәстүрін зерттеп, үйреніп жүрген студенттермен әңгімелесті, сондай-ақ орталыққа қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі 50 кітапты сыйға тартты. Олардың ішінде Абай, М. Әуезов, Ш. Құдайбердіұлы, Ә. Кекілбаев, А. Жұбанов және т. б. ірі тұлғалардың шығармалары бар.
Бердібек Сапарбаев Армения Ұлттық кітапханасына және "Матенадаран" ежелгі қолжазбалар институтына тағы 50 кітапты сыйлады.
Сонымен қатар, қазақстандық делегация стоматология және эстетикалық медицина саласындағы жаңа бағдарламалар мен тәсілдерді қолдануды ынталандыратын және дамытатын "Аванта" инновациялық медицина орталығына барды. Бүгінде клиникаға әлем елдерінен 77 мыңнан астам емделуші келген.