Қазақстандық делегация World Government Summit 2026 саммитінде жаңа ЖИ жобаларын таныстырды

167

Қазақстан делегациясы World Government Summit 2026 халықаралық саммитіне қатысты.

Қазақстандық делегация World Government Summit 2026 саммитінде жаңа ЖИ жобаларын таныстырды Фото: Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі

Шараға қатысу елде есептеу және деректерді өңдеу бойынша жаһандық хаб құру стратегиясын іске асыру мақсатында ұйымдастырылды.

Саммитке Қазақстан делегациясын Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев бастап барды. Делегация Қазақстанның энергетикалық әлеуетін есептеу қуатына бағытталған ЖИ-инфрақұрылым салу мүмкіндіктерін таныстырды.

Кездесулерде жоғары өнімді деректерді өңдеу орталықтары мен "AI-фабрикаларды" құру мәселелері талқыланды. G42 холдингінің басшысы шейх Тахнун бин Заед Әл Нахайянмен кездесуде деректерді сақтау және өңдеу инфрақұрылымын дамыту бойынша нақты қадамдар белгіленді.

Сонымен қатар, БАӘ энергетика және инфрақұрылым министрі Сухейль Мохамед Әл-Мазруи Қазақстан делегациясымен төмен көміртекті энергия үнемдейтін дата-орталықтарды құру мүмкіндіктерін талқылады. Әл-Мазруи ЖИ-ді алғашқылардың бірі болып мұнаймен салыстырған және таза энергияға негізделген есептеу қуатын дамыту моделін алға тартатынын атап өтті.

Саммит аясында БАӘ, Эстония және Өзбекстан басшыларының өкілдерімен, сондай-ақ халықаралық компаниялармен келіссөздер жүргізілді. NVIDIA, Oracle, VisionLabs, Masdar, Gulf Data Hub және басқа компаниялармен ЖИ енгізу, энергия үнемдейтін дата-орталықтар мен гибридті бұлтты шешімдерді қолдану мәселелері талқыланды.

Капитал тарту, венчурлық жобалар мен логистика саласындағы ынтымақтастық BlackRock, MGX, DIFC, Dubai Future District Fund, Sirius холдингі және RTA өкілдерімен келісілді.

Жалпы, World Government Summit 2026 Қазақстан үшін жаңа технологиялық әлем картасында белсенді әрі болашағы зор ойыншы екенін көрсетуге мүмкіндік берді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу