Қазақстандық диқандар көктемгі дала жұмыстары кезінде дизель отынын бөлшек саудадан 15%-ға төмен бағамен алады, деп жазады inbusiness.kz сайты ҚР Энергетика министрлігіне сілтеме жасап.
Айта кетейік, ҚР Энергетика вице-министрі Ерлан Ақкенженов ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, облыс әкімдіктері, "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ және "Petrosun" ЖШС компаниялары өкілдерінің қатысуымен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді дизельдік отынмен қамтамасыз ету мәселесі бойынша жұмыс кеңесін өткізді.
Отырыс барысында вице-министр қатысушыларды Энергетика және ауыл шаруашылығы министрліктері "2024 жылғы көктемгі дала жұмыстарын дизельдік отынмен қамтамасыз ету үшін өңірлерді мұнай өңдеу зауыттарына бөлу кестесін" бекіткенін жария етті.
"Кестеге сәйкес, 2024 жылғы 1 ақпан мен 30 маусым аралығында Қазақстанның 20 өңірінің 17-сінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге (ауыл шаруашылығы өнімдері) 340,2 мың тонна дизель отынын бірінші кезекте тиеу және жеткізу жоспарланған, оның ішінде: ақпан – 45 , наурыз – 90,4, сәуір – 92,8, мамыр – 103,4 және маусым – 8,6 мың тонна", - делінген министрліктің баспасөз хабарламасында.
Сонымен қатар, Атырау, Павлодар және Шымкент мұнай өңдеу зауыттары өндіретін дизель отынын жөнелту және жеткізу "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ және "Petrosun" ЖШС ресурстары есебінен жүзеге асырылады.
Бұнымен қоса, Энергетика министрлігі тікелей ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге ұсынған дизельдік отынның бағасы 250 теңге/литрді құрайды. Бұл жанармай құю станциясындағы бөлшек сауда бағасынан 15%-ға төмен және 2023 жылы егін жинағаннан кейін де өзгеріссіз қалады. Ұсынылған баға барлық 17 өңір үшін бірдей және көлік шығындары мен ауылшаруашылық отынын жеткізу бойынша аймақтық операторлардың айырмасын (маржа) қамтиды.
Бүгінгі таңда, облыс әкімдіктері жанындағы арнайы комиссиялар Атырау, Павлодар және Шымкент мұнай өңдеу зауыттарынан ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге отын жеткізу бойынша өңірлік операторларды анықтап жатыр.
Сондай-ақ, Энергетика министрлігі "Мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін өндіруді және олардың айналымын мемлекеттік реттеу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес мұнай өңдеу зауыттарынан ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге дизель отынын жөнелтудің басымдығына кепілдік береді.