Маусымның 1-4 аралығында Словакияның Пристань қаласында байдарка мен каноэде ескек есуден жасөспірімдер арасындағы халықаралық турнир өтті. Жасөспірімдер Олимпиадасына жолдама таратқан турнирде Қазақстан спортшылары сәтті өнер көрсетті деп хабарлайды Olympic.kz.
Халықаралық турнирге 2000-2001 және 2002-2003 жылы туылған жасөспірімдер қатысты. Аталған сында еліміздің жас спортшылары жалпы есебі 11 алтын, 8 күміс және 9 қола медаль жеңіп алды. Оның ішінде, қазан айында Буэнос-Айресте өтетін Жасөспірімдер Олимпиадасына төрт жолдама ұтып алғанымызды да қосу керек.
"Спортшылардың көпшілігі өздерін жақсы қырынан көрсете білді. Әсіресе, Жасөспірімдер Олимпиадасына жолдама алған шәкірттерімізді ерекше атап өткім келеді. Бахриддин Диас каноэде жалғыз отырып жарысудан қола жүлде жеңіп алса, төрт адам болып сынға түсуде алтын алды. Стелла Суханова байдаркада жалғыз отырып жарысуда үшінші, екі адам болып 500 метрге жарысуда бірінші орын алды. Стелланың еншісінде 3 алтын бар. Сондай-ақ, жолдама алғандар қатарында Ольга Сурмина да бар. Енді жолдама алған спортшылар Жасөспірімдер Олимпиадасына тыңғылықты дайындықты бастайды", - дейді аға жаттықтырушы Сергей Тиунов.
Олимпиадаға жолдама алған спортшылардан бөлек, Алмағамбет, Акчурин, Б. Айтбай сынды спортшылар өздерін жақсы қырынан көрсетіп, түрлі дәрежеде медаль жеңіп алды.
Халықаралық турнирге жалпы есебі 15-ке жуық мемлекет қатысқан. Аға бапкердің айтуынша, қазақстандықтардың басты қарсыластары қатарында Германия, Венгрия, Ұлыбритания, Словакия спортшылары болды.